ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ТІЛ МАМАНДАРЫ: ҚАЗІРГІ ОРФОГРАФИЯҒА РЕФОРМА ЖАСАУ КЕРЕК
Қазақ тілінің төл табиғатын бұзбай, сақтап қалу үшін қазіргі орфографияға реформа жасау керек. Қызылордалық тіл мамандары осылай дейді, деп хабарлайды 24 kz телеарнасы.
Ғалымдардың айтуынша, ана тіліміздің фонетикалық жүйесін дәл бейнелеу тұрғысынан бізге латын графикасы қолайлы. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ғалымдарының айтуынша, латын әліпбиіне көшу төл жазуымызды реттеуге мүмкіндік береді. Өйткені латын қарпі әлем елдерінің 70%-ға жуығы қолданатын өркениеттің жазу һәм оқу құралы деп саналады.
- Ең бастысы, алдымен мамандар даярлау. Содан кейін сол мамандар арқылы әсіресе мектеп мұғалімдері мен ЖОО ұстаздары арқылы жастарды осыған бейімдеу. Тілдерді оқыту орталықтары бар, латын әліпбиі бекігеннен кейін және оның орфоэпиясы мен орфографикасы, яғни айтылу-жазылу заңдылықтары қабылданғаннан кейін біз осы мәселені міндетті түрде әрі қарай жүргізуді қолға алуымыз тиіс, – дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Жеңіс Сәдуақасұлы.
Ал филология ғылымдарының кандидаты аман Абасиловтың айтуынша латын әліпбиіне көшу мәселесі 6-7 жыл бұрын талқыланған. Қазір жан-жақты қолдау тауып келе жатқан бастама ел санасына сілкініс туғызады.
–Өзіміздің төл дыбыстарымызды таңбалайтын, өзге тілдің дыбысы араласпайтын, әлемнің озық мемлекеттеріндегі дамыған тілдердегі үрдіске сәйкес жасалған қазақ әліпбиін қолдаймын,– дейді ғалым.