ТАТУЛАСТЫРУ РӘСІМДЕРІН ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН ШАРА
Қызылорда қалалық сотында «Татуластыру рәсімдері. Медиация дауды шешудің тиімді тәсілі» тақырыбында шара өтті. Іс-шараға түрлі қоғамдық ұйымдар өкілдері, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар қатысты. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлайды.
Судья К.Сәдуақасова көтеріліп отырған мәселе жайлы жан-жақты айтып өтті. Кейде өте жақын адамдар арасында болмашыдан туған даудың олардың туыстық қарым-қатынастарына кесірін тигізіп жатады. Сондықтан да келісімге келудің оңтайлы жолы медиацияға жүгіну қажет. Судья тараптар арасындағы дауды реттеуде осы рәсім бойынша шешілген істер жайлы айтып, салыстырмалы статистикалық мәліметтерге тоқталды.
Ол өз сөзінде медиация қызметінің тиімділігін айтып, сот өндірісіндегі даулы мәселелердің бітімгершілік рәсіммен оң шешім табуы кәсіпқой және кәсіпқой емес медиаторлардың, адвокаттардың нақты қызметтеріне байланысты екенін жеткізді.
Шара аясында «Медиация дамыту орталығы» РҚБ Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің директоры Л. Бақтыбаева сөз сөйлеп, медиация тәртібімен дауларды шешудің тиімді тұстарын көрсетіп, жұмыс жасау барысында кездесіп жатқан мәселелерге тоқталды.
Қатысушылар тақырып аясында бірқатар мәселелерді талқылады.