«ҚАЗАҚСТАННЫҢ 100 ЖАҢА ЕСІМІ»: ШЕРТАЙ ТҰРСАНОВ - ДОНОР
Ерлік дегеніміз тек қарша бораған оқ арасында жүру емес, кейде өз денсаулығыңды қатерге тігіп, жақыныңа қол созудың өзі ерлікке парапар дүние. Шертай Тұрсанов өлім аузындағы қарындасына бір бүйрегін берді. Меніңше, бұл айтуға тұралық іс.
Ләззат Тұрсанованың жарық дүниеден үміті өше бастаған еді. Екі бүйрегі де сыр беріп, соңғы уақытта тек аппарат арқасында өмір сүріп жүрген еді.
- Бір жарым жыл болды диализге түскеніме. Негізі 10 жылдан бері бүйрегім ауырады. Бірақ 2015 жылы диализге түстім. Егер донор табылып жатса, ота жасауға болады деді. Бірақ елдер 1 жылда емделіп кетеді деп айтқан. Сол үшін күттік, үміттендік. Бірақ уақыт өткен сайын үмітім солғындай берді, - дейді Ләззат Тұрсанова.
Ләззаттың үміті үзілуге шақ қалғанда донор табылды.Көмек алыстан емес, өз жақындарынан келді. Дерт дендеп, қиналған қарындасының халін көруге ағасы Шертай шыдамапты. 5 баланың әкесі ойланбастан барымен бөлісуді шешкен. Аққа Құдай жақ. Ота сәтті жасалды.
- Наркоздан оянғаннан кейін, өзімнің жағдайымды сұрамай, қарындасымның жағдайы қалай деп сұрадым. Оның халі жақсы екенін білгеннен кейін барып, өз жағдайымды сұрадым. Шынын айту керек. 6 ай, 1 жылға дейін ауыр нәрсе көтермей, қалған бүйрек екі бүйректің қызметін атқарып, үлкеюуі тиіс. Соған дейін күтінуіңіз керек. Сонда жақсы болып кетесіз деді дәрігерлер, - деп ағынан жарылды ағасы Шертай Тұрсанов. Ләззат көпбалалы отбасында туып-өскен. 12 баланың ішінде ағасының қан тобы өзімен дәлме-дәл келген. Дәрігерлер де донордың реципиентпен 100% сәйкес келуі көп кездесе бермейтін құбылыс екенін, бірақ нәтижесі де оңды болатынын айтты. «Ағасы қарындасына өзінің бүйрегін берді. Толық 100 пайыз келіп тұр. Оның нәтижесі де өте жоғары болады. Бір аптаға немесе 10 күнге амбулаторлық ем қабылдауға жібереміз. Реабилитация есебінде, тағы да бізге келеді. Біз оны зерттейміз де, әрі қарай тұрғылықты жеріне барады» — хирург Жақсылық Досқалиев. Ал, бір анадан туған Шертай мен Ләззатты үйдегі жақындары асыға күтуде. Биыл жазда Ләззат өзінің қырық үшінші туған күнін тойлады.
Елімізде биылдың өзінде 342 трансплантологиялық ота жасалған. Ақ халаттылардың айтуынша, 80 пайыз жағдайда донорлыққа жақын туыстары мен таныстары барады. Ал, өзге 3 жарым мың науқас өздерінің құтқарушысын күтуде.