«БАСТАУ БИЗНЕС»: ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНДА 29 ЖОБА ҚАРЖЫЛАНДЫРЫЛДЫ
Халықты жұмыспен қамту, өңірлерде кәсіпкерлікті дамытуды қамтамасыз ету үшін нақты іс-шараларды жүзеге асыру аясында «Атамекен» ҰКП ел Үкіметі қолдауымен «Бастау Бизнес» жобасын сәтті жүргізіп келеді. Аталмыш жоба аясында Қармақшы ауданы кәсіпкерлері жаңа кәсіп иелерімен толықты.
–Қармақшы ауданында Кәсіпкерлер палатасының филиалымен жаңа бағдарлама бойынша 107 азамат оқытылды. Қазіргі таңда, осы азаматтардың ішінде жалпы құны 78,7 млн. теңгені құрайтын 29 жобасы қаржыландырылды. Ауыл азаматтарының басым бөлігі несиені мал шаруашылығына алуда,- дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының Қармақшы ауданындағы филиал директоры Абзал Шоқбаров.
Қызылорда облыстық кәсіпкерлеп палатасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Бастау Бизнес» жобасы кәсіпкерлікті ауылда дамытуға бағытталған. Сондай-ақ, ауыл халқының жұмыспен қамтылу деңгейін бизнес-бастамалар мен халықты кәсіпкерлік негіздеріне жан-жақты үйрету арқылы көтеруді мақсат тұтады.
Ауданның жас тұрғыны Қайырбек Әбен осы жоба аясында білім алып, бизнес жоспарын жасап, 3,5 млн.теңге несие алды. Алынған қаражатқа Қайырбек өзінің бизнес жоспарына сәйкес «Маржан» жарнама агенттігін ашып, оған қажетті құрал-жабдықтар алды. Жас кәсіпкер бүгінде жұмысын бастап та кетті. Шағын екі бөлмені жалдап, тапсырыстар қабылдауда.
–«Бастау Бизнес» жобасы маған өз мақсатыма жетуге мүмкіндік беріп отыр. Жоба аясында бір ай біліктілігімді жетілдірдім. Бизнес-жоспарымды құрып, оны комиссия алдында қорғап, бүгінде қармақшылықтарға қызмет көрсетудемін, - дейді жас кәсіпкер Қайырбек Әбен.
Ашылғанына екі-ақ апта болған жарнама орталығы алғашқы тапсырыстарын қабылдап та үлгерді. Полигафиялық қызметтің бірнеше түрін орындайтын орталыққа келген тапсырыс берушілер өз ризашылықтарын білдіруде.
«Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсібін бастаған жас кәсіпкердің алдағы жоспары да ауқымды. Ол келешекте офисін кеңейтіп, қызмет түрлерін ұлғайтуды ойластыруда.