БОЛМЫСЫ БӨЛЕК ДОСБОЛ БИ
Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты ұлт тұғырнамасына негіз боларлық мақаласында «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі неше ғасыр өтсе де бізді кез-келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы» – деп, сондай жерлерді қайта зерттеу, жаңаша зерделеу арқылы жастарға отансүйгіштік, патриоттық сезімді насихаттау қажеттігін айтқан болатын.
Осы мақаланың негізінде республикада Қазақстанның жалпыұлттық 100 киелі орындарын анықтап, ол нысандарға арнайы маңыз беру жұмыстары жүргізілді. Айта кету керек бұл 100 киелі орындар тізіміне Шиелідегі Оқшы Ата мазараты да енгізілген болатын. Жеті әулие жатқан киелі мекенде Сыр өңірінде өмір сүріп, атағы қалың елге мәшһүр болған би, шешен, дана, абыз жандар мәңгілікке байыз тапқан. Мың жылдық тарихы бар орынның шындығында тарихы тереңнен тамыр тартады. Оғыз-қыпшақ дәуірінен келе жатқан түркі халықтарының пантеоны десек те ақиқаттан алыс кетпейтін секілдіміз. Себебі, көне тарих бұл жерде мыңдаған жылдар бұрын үлкен қала болған дегенді де меңзейді. Жалпы, «Оқшы Ата» әулиелер мазараты Орта Азия аумағындағы аса қасиетті орындардың бірінен саналады.
Қоқан, Хиуа қандықтары кезінде ел билеген бек, датқалардың қайсы бірі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қойылса, енді бірқатары осы Оқшы ата мазаратына жерленген. Осыдан-ақ, бұл орынның қазақ үшін киелі жер санатында болғандығын білеміз. Оқшы Ата мазаратында заманында Сыр қыпшақтарының ішіндегі көрнекті тұлғалардың бірі болған Досбол датқа Қорлыбайұлы да жерленген. Ол отызында орда бұзып, ел билігіне араласып, датқа атанған. Өзі датқа, өзі би, өзі шешен атанып, дабысы қалың қазаққа тараған. Сөз бастаған шешен, ел бастаған көсем болған. Халық арасындағы ауыз-екі әңгімеде Досбол би айтыпты деген де аталы сөздер көп.
Оның: Жас кезімде датқа болдым, Жалпақ жатқан қазақ пен сартқа болдым. Қызметім жаққан соң, Қалың ел үшін атқа қондым,-деген сөзі шындығында қазақ пен өзбекке сіңірген еңбегі қатар жаққан кісі болғандығын меңзесе керек.
Жуырда біз әңігіме арқауына айналдырып отырған Дос¬бол бидің кесенесі қайта жаңғырудан өтті.
Себебі, бұрынғы Алтынбек Сейілханов, Қалдыбек Айтбайұлы, Рзахмет Жұмабеков, Кеңесхан Дошпанов секілді алдыңғы толқын азаматтардың бастамасымен салынған кесене замандар өте келе мүжіліп, іргетасы отырып, қабырғалары сетіней бастаған болатын. Осы орайда, датқаның үрім-бұтағы, ағайын-туысы ақылдаса келе кесенені қайта жаңғыртуды қолға алды. Досбол датқаның Әуез деген баласынан тараған Әуезов Камил Жанысұлы деген шөпшегі қаржылай демеушілік танытты.
Д.Қорлыбайұлы жайлы тарихтан қысқаша аз-кем сөз қозғай кетуді жөн санадық. Көпшілік ағайын, әсіресе,Арқа қыпшақтары Досбол бидің үрім бұтақ, шыққан тегі туралы қателесіп, қисынсыз пікірлерге жол беріп жатады.
Бізге белгілі деректерге сәйкес, Досболдың арғы атасы Қарабек атақты емші болған екен. Қарабектің әкесі Жылқыбай бақуатты кісі болыпты. Байлығының арқасында болса керек, Түркістан шаһарындағы қожа Тәнтей деген кісіге баласы Қарабекті шәкірт етіп беріпті. Қожа Тәнтейден көп тәлім-тәрбие һәм ілім алған Қарабек арап,парсы, түрік тілдерін жетік меңгеріп, сол замандардағы Осман халифатының қиыр шетіндегі Мысырда болып, ақырында халифат орталығы Ыстамбұлға барып білімін жетілдіріпті.
Болашақта нақты дерек-дәйегі тарихшы, зерттеушілердің еңбегінен анықтала жатар біздікі сілтемесіз ауыз-екі әңгімеге сәйкес деректерден құралған. Әлқисса, Қарабек ондаған жылдар шет елдерде болып, елге келіп, Созақ шаһарында жатқан кезінде Түркістанды билеп отырған жоңғар қонтайшысы ғұламаны атшаптыртып өзіне алдыртыпты. Бұл шамамен 1727-1745 жылдардың аралығы болуы керек. Бұл кезде қазақты «Ақтабан шұбырындыға» ұшыратқан жоңғар қонтайшысы Цеван-Рабдан өліп, баласы Қалдан-Цереннің Ташкент, Сайрам, Түркістан, Сауран, Боқты өлең «Жөлек», Қорғантөбе «Айдарлы» жеріне дейін билігі жүріп тұрған кезі болса керек. Қонтайшы Қарабекке талап қойыпты. Бірнеше айдан бері ес-түссіз ауырып жатқан қызын емдеп беруін сұрапты. Егер қызы дерттен құлан-таза айықса, өзіне өмірлік жар етіп қосатындығын да білдіріпті. Содан емші жігіт Қарабек жарау ат сұрап, «Қызыл құмды» кезіп, киіктің құлжасын тірідей ұстап әкеліп, терісіне бұлаулап, сорпасын беріп емдеп, құлан таза айықтырған екен.
Бұл кездері қазақ-жоңғар қарым-қатынасы жылып, соғыстың уақытша тоқтап тұрған кезі болса керек. Абылай ханның өзі Қалдан-Сереннің қандасы Хошу мергеннің қызы Топышты некелеп алып, жоңғарға күйеу атанып, қонтайшының баласы болашақ тақ мұрагері Амурсанамен анда дос болып, серттескен уақыты еді.
Қызының ауыр дерттен айыққанын көріп, қуанған қонтайшы емші Қарабекті өзіне күйеу етіпті. Осы жоңғар әйелінен Досболдың әкесі Қорлыбай дүниеге келіпті. Қарадан шығып, ханға күйеу атанған Қарабектің шындығында тегін адам болмағанын дәлелдесе керек.
Ауыз-екі деректің шындыққа сәйкес келетін жері бар. Қарабек қайтыс болғаннан кейін 1770 жылдардың шамасында Қорлыбай жоңғар шешесімен ағайыннан бөлек қалған секілді. Оның да тарихи себептері болса керек. Бұл кездері Қарабектің қайын жұрты яғни, Қорлыбайдың нағашы жұрты жоңғарлар Сыр бойынан ығысып, 1760 жылдары толық талқандалған кезі. Ал, 1760-67 жылдардың аралығында Сыр бойына Қоқан хандығының үстемдігі орнай бастаған уақыт. Бұл кездері қыпшақтың көзей және сыр өңірінің біраз руын қоқандықтар шауып, оның ішінде жоңғарға күйеу атанған Қарабектің де елін қырғынға ұшыратқан секілді. Осы кездері орын алған қырғынның әсері болса керек тарихи деректерде 1765-1767 жылдары қазақтың Абылай ханы қалың қол бастап Қоқан билеушісі Еркенбекпен қиян-кескі соғыс жүргізіпті. Нәтижесінде қазақтар Түркістан, Сайрам, Шымкент, Ташкент қалалары мен Сыр бойынан қоқандықтарды түре қуған екен.
Ағайыннан қара үзді ме, әлде басқалай себептері болды ма, ол жағы әзірге белгісіз осыдан кейін Қорлыбай өзінің руластары көзейлерге емес алты атадан қыз алыспаған абыз руының Үсен деген бақуатты адамының қол астында паналап, өкіл баласы атаныпты. Тағдырдың жазуымен Үсен абыздың қызы Жамалмен бас қосқан Қорлыбай Қарабекұлы елден кетіп тыныпты. Артынан қуғыншы шығып, Ұлытауда отырған Бабан көзей Ерден бидің үйіне түсіп, одан әрі найманнан шыққан Олжабай батыр және көзейден шыққан Баспақ батырлардың қорғаумен Арқалықта тұратын Ерден бидің құдасы қыпшақ баянтаңат Естеміс батырға барып, паналап, өкіл бала атаныпты. Арқада он жылдан астам уақыт өмір сүріп, сол жақта Өтебай және Досбол атты екі ұлы дүниеге келіпті. Бұл 1800 жылдардың шамасы болса керек. Кейінірек Сыр бойына қайта келген Қарабек пен Жамал ертерек қайтыс болып, олардан қалған Өтебай мен Досбол нағашы атасы Үсен абыздың қолында өскен екен. Шежіреде Қорлыбайдың екі әйелі болған деседі. Екінші әйелі Сарадан Теректі деген бала қалған. Бұл күндері Теректіден туған Байсейіт, Ессейіт деген балаларынан тараған ұрпақтары Жезқазған төңірегінде болса керек.
Біз әңгіме еткен Досбол датқаның шыққан тегі осындай. Датқаның ұрпақтары бүгінгі таңда Айдарлы, Ақтоған, Ақмая ауылдары мен Атырау, Алматы, Тараз қалаларында өмір сүріп жатыр. Досбол заманында Сыр халықтарының ортасында беделі, абыройы зор болған. Қара қылды қақ жарған әділ би атанған. Ел арасындағы дау-дамай, бітімгершілік мәселелерін шешіп, ел ісіне жастайынан белсене араласқан. Осындай алғыр, шешен, көсемдігіне қарап Қоқан хандығы Досбол биге, шешенге қосымша датқа атағын берген екен. Датқа-хан сарайындағы жоғарғы лауазым. Хандықтағы төртінші дәрежелі адам. Билерден жоғары. Сұлтандармен шендес. Тек қана тікелей жалғыз хан әміріне ғана бағынышты лауазым иесі.
Мінекей, қарадан шығып хан болған, қара қылды қақ жарған Досбол Қорлыбайұлына арналған кесене де қайта жаңғырды.
Елбасының жоғарыда аталған мақаласы іс жүзінде қолдау тауып, өткен, өшкен тарихымыз, қасиетті мекендер, киелі орындарымыз жаңғыруда. Ауданда өткен аталмыш шара осы сөзіміздің дәлелі болса керек.
Нұрболат Сәдуақасұлы