ЗЕРІКПЕЙТІН ЗЕРГЕР
Он саусағынан өнер тамған атасы Оразбектен қалған зергерлік өнерді жалғастырушы Берік Рүстемовтің де сақина, білезік соғып, үзілген бұйымдарды бұрынғы қалпына келтіріп, тұтынушының талғамынан шығып жүргеніне де жеті жылға жуықтады.
Алтын, күмістен жасалған әшекей бұйымдардың суреттері жинақталған кітапшаға қарай отырып, тапсырыс берушіге көңілі қалаған дүниесін айнытпай қолдан құйып береді.
Берік Рүстемов Жалағаш поселкесінің тумасы. Отан алдындағы әскери борышын өтеп келісімен, еңбек жолын Жалағаш поселкесіндегі жинақ кассасында инспектор болып бастайды. Алматы қаласындағы есеп-кредит техникумын бітіріп, есепші мамандығын алады. Қызметтік сатысында поселкедегі жинақ кассасында инспектор, ревизор, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында, облыстық басқармада тексеруші болып абыройлы еңбек етті. Бертін келе, Әйтеке би кентіне қоныс аударады. Қазір орталық базардағы «Ақбота» сауда үйінің екінші қабатынан бір бөлме жалға алып, «Зергерлік шеберхана» ашқан.
«Атам Оразбекке кезінде қыз ұзатып, келін түсірушілер шашбау, шолпы, камзолдың қарсы ілгегін, білезік, алқа, сақина, тағы басқа бұйымдарды әдейілеп соқтырады екен. Ол жасаған бұйымдардың көпшілігі әлі күнге өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Маған зергерлік өнер атамнан қонса керек. Арнайы оқуын оқыған емеспін», – дейді зергер.
Алуан түрлі сәндік бұйымдар мен әшекей заттарды алтынмен аптап, күміспен күптеп, зерлеп, ажарын, сәнін кіргізіп, айшықтап жасайтын Берікке күніне бірнеше адам тапсырыс береді. Ол сақина, сырғалардың суреттері топтастырылған кітапшасына қарай отырып, бұйым жасайды. Бір сақинаны жасағанда өлшеміне қарай бағасы да өсе береді. Зергерлік шеберханада әшекейді соғудан өзге, тазалау, жылтырату, үзілгенін жалғау, көз салу, көзін ауыстыру жұмыстары да істеледі.
Үш жылдан бері кәсіпкер ретінде тіркеліп, тұтынушының талғамына сай еңбек етіп отырған Берік зергерде сақина қалпының он бес шақты түрі ғана бар. Ендігі мақсаты кәсіпкерлігін кеңейтіп, жаңа аппараттар алу. Зергерлік өнердің қыр-сырына қанығам деуші жастарды жұмысқа алып, шәкірт даярлау да алдағы күннің жоспарында.
Зергер әр бұйымды қазақы ою-өрнектермен көмкеріп, баға¬лы табиғи жарқырауық тастармен безендіріп, өң береді.
Бос уақытында газет-журналдарды қалт жібермей оқитын зергердің жұмыс үстеліндегі сәтіне қарап, өз ісіне деген тиянақтылығы мен зерікпейтіндігіне куә болдық. Тағы бір ерекшелігі – қанағатшылдығы. Еңбегіне ақы сұрауда аз-маз ақшаны місе тұтады екен. Зергердің ұлы да бұл өнерден алыс емес. Үйренем деуші табылса, үйретуден қашпайтын шебер ұлттық өнерімізді қашанда ұлықтауға дайын екендігін аңғартты.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА