ҚАЗАҚ ТІЛІ ЛАТЫН ӘЛІПБИІМЕН: КЕШЕ, БҮГІН, ЕРТЕҢ
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Таяу жылдардағы міндеттер» тарауында: «2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек,» - деп тапсырған болатын.
Елімізде бұл күндері латын әліпбиінің жоба нұсқасы ұсынылып, талқылануда. №10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернаты да күн тәртібіндегі осы өзекті мәселеге өз көзқарастары мен ұсыныстарын білдіріп, үндерін қосуда. Соның бірі -лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Н.Қ.Есбосынның 11-сыныпта өткізген «Қазақ тілі латын әліпбиімен: кеше, бүгін, ертең» атты сабағы.
Сабақтың 1-бөлігі «Ақмешіт» мұражайындағы 1929 жылы Қызылордадағы баспаханадан латын қарпімен жарық көрген кітаптармен танысудан басталды. Осыдан кейін сынып үш топқа бөлініп, «Қазақ тілі латын әліпбиімен: кеше» тобы мұражайдан алған әсерлерімен бөліссе, «Қазақ тілі латын әліпбиімен: бүгін» тобы ұсынылып жатқан латын әрпінің жобасына өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізді, «Қазақ тілі латын әліпбиімен: ертең» тобы латын әліпбиіне көшуді қолдайтындықтарын білдіріп, постерлерін қорғады.
Сабақ соңында жаңа жобадағы латын әрпімен терілген «Атамекен» әнінің мәтінін караоке түрінде оқи отырып, орындады. Мазмұнға бай, оқушыға берері мол сабақ «Хабар» телеарнасына түсірілді.