ҚЫЗЫЛОРДАДА БРАКОНЬЕРЛЕР ҚОЛҒА ТҮСТІ
Жергілікті полиция қызметі және Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлерінің бірлесіп жүргізген рейдтік жұмыстары барысында заңсыз аң аулағандар ұсталды.
Осы жылғы 11 қыркүйекте Жаңақорған ауданындағы Жайылма ауылының маңайында УАЗ маркалы автокөлік тоқтатылып, тексеру барысында автокөліктің ішінен 14 қоян және 1 күзен табылды. Аңды қынадай қырғандардан 12 және 32 калибрлі аңшы мылтығы, мылтық оқтары айғақ зат ретінде алынды.
Автокөліктегі Сүттіқұдық ауылының 6 тұрғынының да аңшылыққа рұқсат ететін құжаттары жоқтығы анықталды.
Аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабы 1-бөлігімен Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, қазіргі таңда Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімімен тергеу амалдары жүргізілуде.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша дәл осындай дерек 13 қыркүйек күні де тіркелген. Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына белгісіз бір азамат хабарласып, қарақұйрық аңына ұқсас жануардың денесін белгісіз біреулер тасымалдап жүргендігін айтады. Оқиға орнына арнайы жасақталған топ жіберіліп, тексеру барысында Қызыл кітапқа енгізілген 1 қарақұйрық аңының денесін тапты.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, Шиелі аудандық ішкі істер бөлімімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.