ТӨЛ ӘЛІПБИІМІЗГЕ ОРАЛУ –ТҮП-ТАМЫРЫМЫЗДЫ ТАБУ
Қоғам араға уақыт салып өзгеріп тұрады, бір формациядан екінші формацияға өтіп тұрады, бұл – заңдылық. Тарихтың түкпіріне дендесек, адамзат тайпа-тайпа болып өмір сүрген кездің өзінде, әр тайпаның өзінің жазу таңбалары болғаны белгілі. Осы таңбалар арқылы олар бір-бірімен хат-хабар алмасып, өздерінің қай ұлысқа жататынын, қай жерді мекен ететінін айналасына білдіріп отырған.
Жер бетінде қанша мемлекет болса, солардың әрқайсысының тамырын тереңнен тартатын өзіндік жазу-сызу нұсқасы неше дәуірді басынан кеше отырып, бір жүйеге түскен. Белгілі бір тарихи-географиялық аймақты мекендейтін қауымның әліпбиі есте жоқ ескі заманда қалай пайда болған болса, дәл сол күйінде бүгінгі күнге жеткен деп айтуға тұратындай мысал саусақпен санарлық.
Қазіргі таңда әлемдік өркениет көшіне өз желкенін керіп бет түзеген Қазақстанның қолданыстағы кириллицадан латын қарпіне көшуінің күнгейін емес, көлеңкелі жағын көргісі келіп жүргендердің ой-пікірлеріне үңіле отырып, өз ойымды білдіргім келеді.
Сананы улайтын бейәдеп фильмдерге, ашық-шашық киімдерге, жауыздықты, қатыгездікті насихаттайтын мультфильмдерге осылай белсенді түрде қасарысып қарсы шықсаңыздар, ұлтқа қызмет етудің бір үлгісі осындай ақ болсын дер едім. Бірсыдырғы қалыппен өтіп жатқан ағымның бағытын бұратын уақыт келгенде, ол экономикалық бетбұрыс болсын, әлеуметтік бетбұрыс болсын, елді бір дүрліктірмей қоймайды.
Бірақ бір нәрсеге назар аудару керек, негізін Кирилл мен Мефодий қалаған славян жазуының кириллицасы да біздің төл әліпбиіміз емес.
«Латын әліпбиіне көшсек, тіліміз де Рим папасы мен дінбасы тұратын мекеннің халқы ғана сөйлейтін латын тіліне кірігіп кетеді» деп негізсіз үрей тудырып жүргендер Қазақстанды Латын Америкасымен салыстырып жүрген сияқты. Басын ашып айтайық – өзгерейін деп жатқан тіл емес, әліпби. Сайын даланы мекен еткен қазақтың сол кең жазира даласының табиғатымен үндес қоңыр да әуезді үні латын қарпімен таңбаланған қазақ тіліндегі дыбыстарда ешқандай ассимиляцияға ұшырамайды, бұл – тіл білімі саласындағы ғалымдардың байламы. Көркем де шұрайлы, бай қазақ тілі – Мәңгілік Елмен мәңгі жасай бермек.
XX ғасырдың басында қазақтың ұлт зиялылары бұқара халыққа әдебиет, мәдениет және өнер саласындағы шығармаларын ең алғаш латын қарпінде ұсынған болатын. Елбасымыз «Қазақстанның алтын ғасыры» деп ат берген XXI ғасырда жаңа тұрпаттадамумен қатар ұлттық сананы қалыптастыруда бір кездері көш басында болған сол латын қарпіне қайта оралып жатырмыз.
Сөзімізді түйіндесек, «Аққу – аспанға, шортан – көлге, бақа батпаққа тартадының» кебін кимей, еліміздің өсіп-өркендеуі, дамуы жолындағы қадамын байыппен зерделеп, өзге үшін емес, өзіміз үшін жасалып жатқан игілікті бастаманы жатырқамай қабылдайық.
Ал дер кезінде, дұрыс бағытқа бет бұрғанымызды уақыт өзі дәлелдейді.
Нұрсәуле МҰСАЕВА,
тілдерді оқыту орталығының директоры.