ЕЛОРДАНЫ ҮЛГІ ЕТКЕН СОЛ ЖАҒАЛАУ
Бүгінгі таңда Қызылордада құрылыс жұмыстары қарқын алғаны белгілі. Әсіресе, Сырдария өзенінің сол жағалауында салынып жатқан ғимараттар кімді де болса елең еткізбей қоймайды. Елордаға қарап бой түзеп келе жатқан сол жағалауда журналистерге арнап баспасөз туры өткізілді.
Дарияның арғы бетіндегі құрылыс жұмыстарын көруге өз басым осымен екінші рет барып тұрмын. Өткен жолы келгенде кірпіші енді қаланып жатқан балабақшаның шатыры жабылу үстінде екен. Тіпті, бірнеше жерде бой көтеретін ғимараттардың іргетасы ғана бар еді. Бұл жолғы көргеніміз мүлде басқа көрініс. Халыққа қызмет көрсету орталығының жанындағы көпірге мінгеннен ауыр жүктерді көтеруге арналған мұнаралы крандар мен мұндалап тұр. Әзір асфальт салынбаған жолдың шаңын аспанға көтере жүрген жүк көліктері қажетті құрылыс заттарын тасуда. Бірнеше жерде көпқабатты үйлердің төбесі көрініп қалыпты. Тіпті, кейбіреуі төртінші қабатына дейін өрілген.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін күтіп алған облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Сұлтанбай Қонарбаев бұл аймаққа салынатын нысандарға тоқталды.
– Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту жоспары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 17 шілдедегі №1087 қаулысымен бекітілген Қызылорда қаласының бас жоспары негізінде қарастырылған. Оған сәйкес 2013-2014 жылдары инженерлік геологиялық және геодезиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 1532 гектар аумақтың жоспарлау жобасы әзірленді. Сол жағалау он бес ауданнан тұратын болады. Оның он бірі тұрғындарға арналса, біреуі индустриялық аймақ та, қалған үшеуі парк пен бульварлар болып табылады, – деді ол өз сөзінде.
Журналистер үстеріне құрылысшылардың киімін киіп, Қазақ Орталық Атқару Комитеті мұражайы ғимаратын салуға өз үлестерін қосты.
Бүгінде негізгі іргетасы құйылып, кірпіш қалау жұмыстары жүріп жатқан құрылыс нысанына бірінші болып республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің аймақтағы меншікті тілшісі Ержан Байтілес көтерілді. Оның ізін жалғаған басқа журналистер де артынан ерді. Облыстық «Кызылординские вести» газетінің тілшісі Кирилл Денисов пен «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының журналисі Тәжімұрат Әлжанов кірпіш өруге ептері бар екенін көрсетті. Ал, республикалық «Халық» газетінен келген Қозы Көрпеш Жасаралұлы мен қалалық «Ақмешіт апталығы» басылымының тілшісі Жарасхан Қуанышбайұлы керек еткен адамдарға лай тасыды. Жігіттерден қыздар да қалысатын емес. Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Гүлжан Омарова мен «Ақмешіт жастары» газетінің қызметкері Мөлдір Кенжеғұлова да кірпіш қалауға атсалысты. Сондай-ақ, «Ақпарат kz» газетінің бас редакторы Бибайша Алпысбаева да жастармен бірдей еңбектенді. Осылайша, қолдарына қалам мен микрофон ұстап, фотоаппаратын асынып, бейнекамерасын арқалап жүретін журналистер қауымы әп-сәтте кәдуілгі құрылысшыға айналып шыға келді. Осындай қарбалас тірліктің арасында жүріп, құрылысшыларды да әңгімеге тарттық.
– Құрылыс жұмыстарын «Промстройсервис-Е» ЖШС жүргізуде. Нысан басында 35 құрылысшы жұмыс жасайды. Ғимарат іргетасының биіктігі 1,60 метрді құрайды. Қазір кірпіш өру жұмыстары жүруде, – деді учаске бастығы А.Аманбаев.
Ағымдағы жылдың мамыр айында Сырдария өзенінің сол жағалауынан 5 қабатты 18 тұрғын үй мен 320 орындық балабақшаның іргетасы қаланды.
Мамандардың пікіріне сүйенсек, 2018 жылы республикалық бюджет есебінен тағы бір 320 орындық балабақша, 600 орындық мектеп салу да жоспарда бар екен. Алдағы уақытта осы аумақтан жастар орталығы, неке сарайы, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы бой көтермек.
Қаламды құрылысшының қалағына айырбастаған біз шамамыз келгенше кірпіш қалау жұмыстарымен айналыстық. Әзірге Қазақ орталық атқару комитеті мұражайын толық соғып тастамасақ та құрылысшының бір күнгі өмірі қалай өтетінін ұғындық.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
Н.НҰРЖАУБАЙ (сурет)