ҚАРАТӨБЕДЕГІ ЖЫЛЫЖАЙ
Облысымызда жылыжай арқылы көкөністің түр-түрінен ерте өнім өндіру жолға қойылды деп айтуға болады. Осы шаруаны ерте бастағандардың бірі – Қаратөбе ауылдық округіндегі «Серікбай» шаруа қожалығы. Мұнда 0,36 және 0,20 гектар көлемдегі екі жылыжай іске қосылған. Қабырғасы пластик материал, ал төбесі шынымен жабылған. Қажет кезінде пленка да пайдаланылады.
Жаңақорған ауданының Қаратөбе ауылдық округіне қарасты жылыжай кешені 2010 жылдан бері -осында егілген көкөніс түрлерін нарыққа шығарып келеді. Онда негізінен қияр мен қызанақтың түрлі-сорттары ерте көктемде және қыс айларында саудаға шығарылады. Біз сөз етіп отырған жылыжайдың ерекшелігі – егілген дақылдар осы жердегі тік дренаж арқы¬лы шығарылатын жерасты жылы суы арқылы суғарылады. Судың температурасы 52 градус, яғни, нысанның ішін жылытуға және топырақтың температурасын бірқалыпты ұстауға мүмкіндік береді. Экономикалық тиімді, жылу үшін артық шығын жоғалтылмайды. Жылыжайларды осы жерге орналастыру арқылы сонау 1970 жылдан бері айдалаға ағып жатқан жылы суды тиімді пайдалану еді. Бұл нақты кезеңде жүзеге асырылу үстінде.
– Алғашқы егілген қызанақ өнімдерін саудаға шығарып болдық. Енді бұл жерге қияр егу үшін топырақты дайындау үстіндеміз. Есебіміздегі екі жылыжайға 30 мың түп көшет отырғызылады. Алғаш¬қы өнімдерімізді уақытылы жинап, аудан орталығына, Түркістан және Қызылорда қаласына саудаладық. Түрлі дәрумендерге толы таза сумен біз өсірген көкөністер адам денсаулығы үшін өте пайдалы. Демек, қоғамға пайдасы молырақ тиеді деген сөз, – дейді жылыжайдың агрономы Мұрат Сексенбаев.
Жалпы, «Серікбай» шаруа қожалығының жылыжайында 6 адам тұрақты еңбек етеді. Жалақылары да жаман емес. Бұл жерде қысы-жазы жұмыс тоқтамай, біріне бірі жалғасып жатқаны. Қиярды күзде банкаға басып, консервілеу жұмыс¬тары да қатар жүргізіледі. Әрине, күнде¬лікті тұтыну үшін де арнайы сорттары егілген. Нарықтың талаптары сақтала отырып, бәрі де жамағат үшін атқарылады. Жылыжайдың айналасына түрлі жеміс ағаштары егіліп, бұл жердің көркеюіне кешенді жұмыстар қатар жүргізіліп келеді екен.
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.