ҚЫЗЫЛОРДА ТУҒАН КҮНІН АТАП ӨТУДЕ
Қызылордада қала күнін атап өтудің салтанатты шарасы басталды. 18-23 қыркүйек аралығында өтетін мерекенің ауқымды бағдарламасы тақырыптық фестивальдер мен көрмелерді, қайырымдылық акциялары мен байқау, концерттерді қамтиды.
Алғашқы күні «Сыр сүлейлері» аллеясында бауырсақ, қымыз және шұбаттың, қауын-қарбыздың дәстүрлі фестивалі, сондай-ақ, қазақ ұлттық ас мәзірінің, ұлттық киімдердің және музыкалық аспаптардың, қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, фотокөрме өтті.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қала тұрғындары мен қонақтарын мерекемен құттықтай отырып, биыл қала күнін мерекелеу аясында көптеген қайырымдылық акциялары өткізілетінін атап өтті.
«Жыл сайын біз қала күнін жақсы жаңалықтармен қарсы аламыз, биыл да солай. Мәселен, Европалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп қаланың коммуналдық инфрақұрылымын 60 пайызға жаңарттық, тұрғындарды сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шештік. Заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған жаңа автобус паркі ашылды, жақында тағы 150 жаңа автобуспен толығады. Қаламызда, әсіресе Сырдария өзенінің сол жақ жағалауында көптеген әлеуметтік нысандар салынуда. Қазақ Орталық Атқару Комитетінің жаңа ғимараты салынып, онда қаланың музейі мен рухани жаңғыру орталығы орналасатын болады. Осының барлығы Елбасының сарабдал саясатының арқасында мүмкін болып отыр",-деген облыс әкімі қызылордалықтарға табыс тіледі.
Алғашқы күнгі мерекелік бағдарлама орталық алаңда өтетін «I LOVE QYZYLORDA» Диджей fest» концерттік бағдарламасымен аяқталады. Айта кетейік, қала тұрғындары мен қонақтары апта бойы әртүрлі мерекелік іс-шараларға қатыса алады. Мәселен, қала күніне арнайы әзірленген биіктігі -199 сантиметрлік торттан дәм тату, велошеру, марафон, қоғамдық көліктерде өнер мен мәдениет майталмандарының қойылымдары, кітап жәрмеңкесі мен әдебиет кеші, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Мерекелік бағдарлама қаланың орталық алаңындағы гала-концертпен және от шашумен қорытындыланады.