БІЛІМ КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТЕ ТҮСЕДІ
Қаламыздағы «Достық үйінде» облыстық ассамблея жанындағы аналар кеңесінің жиыны өтті. Онда латын әліпбиіне байланысты әңгіме өрбіп, сырбойылық аналар қауымы Елбасы саясатын қолдайтындықтарын жеткізді. Сонымен қатар, латын әліпбиі білім көкжиегін кеңейте түсетінін тілге тиек етті.
Жиында сөз алған облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Н.Мұсаева латын әліпбиіне өту тіліміздің фонологиялық, лексикологиялық және терминологиялық дамуына бірден-бір кепіл болатынын жеткізді.
– Қазақ алфавитін латын әліпбиіне көшіру мәселесі кеше ғана көтеріліп отырған жоқ. Оны барлығымыз жақсы білеміз. Елбасымыз сонау 2006 жылы латын қарпіне көшу керектігін айтқан болатын. Ғалымдар да тыңғылықты жұмыс жасауда. Бұл шындығында таза тілдік тұрғыдағы келген қажеттіліктен туындап отыр, – деді ол.
Көтерілген мәселеге орай облыстық ҚХА жастар қанаты төрағасының орынбасары А.Шахиддинова пікірін білдіріп, латын әліпбиіне көшудің жастар арасында да маңызы жоғары екенін айтып өтті. Сондай-ақ, ҚХА облыстық аналар кеңесінің төрайымы Р.Смаханова, «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Р.Ахметова латын әліпбиіне қатысты пікірлерін ортаға салды.
Жиын барысында отбасылық тәрбиені дәріптеу, ұлттық құндылықтарды жастар арасында насихаттау мәселелері көтерілді.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.