ҚАЛА КҮНІ ФЕСТИВАЛЬМЕН АШЫЛДЫ
Жылдағы дәстүрге сәйкес «Қала күні» мерекесі «Қымыз-шұбат», «Қауын-қарбыз» және «Дәмді бауырсақ» фестивалінен бастау алды.
Шараға облыс әкімі Қ.Көшербаев арнайы қатысып, барша қала тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады.
«Сыр сүлейлері» аллеясында қалаға қарасты кент, ауылдық округтердің қаз-қатар орналасқан қараша үйлерінен этноауыл бой түзесе, арнайы тігілген ақ шатырларда қала мейрамханалары ұлттық дастархан мәзірін жайды.
Фестивальге қалаға қарасты шаруашылық құрылымдары 250 литр қымыз, 300 литр шұбат, 3,2 тонна қауын, 4,5 тонна қарбыз, 75 келі қауынқақ, 80 келі қауын құрт, 52 келі қауын тосабын әкелсе, «Астана», «Байсат», «Мақсұт», «Қыз Жібек», «Кореана» мейрамханалары 25 түрлі нан өнімдерін ұсынды. Жеке кәсіпкер «Өмірғалиева» қаламыздың 199 жылдығына арнап 199 қорап бауырсақ әзірледі. Барлық өнімдер шара қонақтарына тегін үлестірілді.
Қала әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша этноауыл көрмесіне Тасбөгет кенті «Хан Орда», Белкөл кенті «Тарихи тағылым», Ақсуат ауылдық округі «Ұлттық музыкалық аспаптар», Ақжарма ауылдық округі «Ұлттық ойындар», Қарауылтөбе ауылдық округі «ЭКСПО», Қызылжарма ауылдық округі «Ұлттық құрал-саймандар», Қызылөзек ауылдық округі «Зергерлік өнімдер», Қосшыңырау ауылдық округі «Қолөнер бұйымдары», Талсуат ауылдық округі «Ұлттық киімдер» атауымен халқымыздың салт-дәстүрін ұлықтады.
Сонымен қатар, жергілікті өнерпаздардың концерті ұйымдастырылып, шара барысында белсенділік танытқан бірқатар кәсіпкерлер қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
«Қала күні» мерекесі бүгіннен бастап 23 қыркүйекке дейін жалғасады.