«ПОЛИГЛОТ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТТІ
Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты Қорқыт Ата мемориалды кешеніндегі этноауылда «Полиглот» республикалық байқауы өтті. Байқауға аумақтық төтенше жағдайлар департаменттерінде өткен іріктеу байқауында жеңімпаз болып танылған тіл шеберлері қатысты. Яғни, Астана және Алматы қалаларынан, 14 облыстан, Көкшетау техникалық институтынан келген қатысушылар «үш тұғырлы тіл» сайысында бақ сынасты.
«Алаштың анасы» атанған Сыр елінде, киелі Қорқыт баба жерінде Қазақстан халқының тілдері күніне орай өткізіліп отырған «Полиглот» республикалық байқауының басты мақсаты - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тілдердің үштұғырлылығы» мәдени жобасын іске асыру, үш тілді – қазақ, орыс, ағылшын және одан да көп тілдерді жетік меңгерген қызметкерлерді анықтау және қолдау болды.
Сайысты Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Омар Құмарұлы Бержанов ашып, қатысушыларға ізгі тілек арнады.
Сайыскерлерден жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығаратын, жеңімпаздарды анықтайтын қазылар алқасының төрайымы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің өкілі Шынар Иманғалиқызы Таупеева болды.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Аман Мәделханұлы Абасилов қазылар алқасының мүшесі ретінде қазақ тіліндегі тапсырмалардың сауатты орындалуына, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ Шетел тілдері және аударма кафедрасының оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Эльмира Сералиқызы Жұмаева ағылшын тіліндегі тапсырмалардың сауатты орындалуына назар салды.
Сайыскерлердің өнерлері 5 ұпайлық жүйемен бағаланды. Байқаудың шарттары төмендегіше болды:
Бірінші кезең: «Таныстыру» - қазақ тілінде немесе қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қолданып айту;
- Екінші кезең: «Терминдерді аудару» - экранда қазақ тілінде берілген төтенше жағдайлар терминдерінің орыс және ағылшын тілдеріндегі нұсқаларын айту;
- Үшінші кезең: экранда берілген қазақ халқының салт – дәстүріне, тұрмысы мен мәдениетіне байланысты сұрақтарға қазақ тілінде жауап беру;
- Төртінші кезең: орыс және ағылшын тілінде карточкада берілген табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы ахуалды бағалап, сипаттап беру.
- Барлық кезеңдерде қатысушылардың тіл байлығына, сөйлеу мәнеріне, сауаттылығына назар аударылды.
Байқау талаптарына сай қатысушылар төрт кезең бойынша өз білімдері мен өнерлерін барынша ортаға салып, жеңімпаз болуға ұмтылды.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің ұйымдастыруымен өткізілген республикалық байқау өз мәресіне жетіп, лайықты қатысушылар марапатталды.
Барша қатысушыларға азаматтық қорғау органдары арасында өткізілген «Полиглот» республикалық байқауына белсене қатысқаны үшін Төтенше жағдайлар комитетінің Алғыс хат табысталды.
«Полиглот» республикалық байқауында ІІІ орынды алғаны үшін Төтенше жағдайлар комитетінің Дипломымен және арнайы сыйлығымен Қызылорда облысы ТЖД өкілі Темір Еркебаев марапатталды.
«Полиглот» республикалық байқауында ІІ орынды алғаны үшін Төтенше жағдайлар комитетінің Дипломына және арнайы сыйлығына Павлодар облысы ТЖД өкілі Нұрболат Мұқат ие болды.
І орынға Қарағанды облысы ТЖД өкілі Ару Сақбосынова лайық деп табылып, Төтенше жағдайлар комитетінің Дипломымен және арнайы сыйлығымен марапатталды.
Марапаттарыңыз құтты болсын! Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік болсын.
Айгүл Нұрманова,
Қызылорда облысы ТЖД
Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы