ҚАРМАҚШЫДА ӨНЕРЛІ ОТБАСЫЛАР ӨНЕР КӨРСЕТТІ
Мемлекет мерейінің үстем болуы қашанда отбасының ынтымақ-бірлігіне тікелей байланысты.
Келешегіміздің жарқын болып, алға қойған мақсаттарға жетудің кепілдігі де жанұядағы өзара түсіністік пен татулық тамырының тереңге бойлауында екені анық. Елімізде 2013 жылдан бері қыркүйек айының екінші жексенбісі отбасы күні ретінде атап өтіледі. Елбасының жарлығымен бекітілген мереке аясында ауданда түрлі іс-шаралар өткізу дәстүрге айналған.
Осыған орай Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде «Бақытты отбасы-Бақытты ел» тақырыбында өнерлі отбасылардың фестивалі өтті. Айтулы кеште аудан әкімінің орынбасары Ж.Сүйеубаев сөз сөйлеп, жұртшылықты мерейлі мерекемен құттықтады.
Мерекеде өңіріміздегі өнерлі 10 отбасы өз өнерлерін ортаға салды.
Кеш соңында барлық қатысушыларға аудан әкімінің Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтар табысталды.