КЕЛБЕТІ КӨРКЕМ СҮЙІКТІ ҚАЛАМ
Әңгіменің ауанын тағы да өзім жақсы көретін Қызылорда қаласынан бастағанды жөн көрдім. Өйткені, ол – облысымыздың бас қаласы ғана емес, сондай-ақ, Сыр елінің жүрегі.
Алашқа ана атанған Сыр өңірінің бас шаһары бүгінде адам танымастай өзгерген. Көркейген, сымбатына сымбат қосқан, ажары айшықтала түскен. Қала көшелері кеңейген, жолдары тақтайдай тегіс. Жалтырап жатқан асфальт жолдар күн сәулесімен жалт-жұлт етеді. Оның қос қапталы жарықтандырылған, сымбатын арттырар гүлдермен көмкерілген. Сонымен қатар, қала көшелеріндегі жолдың шетіне қиыршық таспен әдіптеп неше түрлі оюлар жасалған. Мұның барлығы көрген көздің жауын алары сөзсіз. Сырттан келген қонақтарды қызықтырып, таңдай қақтырары анық. Осы орайда, сүйікті қаламызға келген қонақтарды сөзге тартқан едік.
– Өзім Сыр елінің тумасымын. Қазір Астана қаласында тұрамын. Бұрын Қызылорданы жұрттың барлығы ағашы жоқ, талы жоқ қала дейтін еді. Қазір мүлде бөлек қалаға айналыпты. Зәулім үйлер бой көтеріпті. Жасыл желекке оранған. Егілген көшеттер кәдімгідей саялы ағашқа айналған. Баяғыдай бой тасалап, көлеңке іздеп жүрген ешкім жоқ. Қызылорданың бүгінгі келбетін көріп сүйсініп жүрмін, – деді Досхан Сынабаев есімді азамат.
Шынында, қаланың жасы үлкен тұрғындарын әңгімеге тарта қалсаңыз қазіргі сұлу да сымбатты Қызылорданы айтып шыға келеді. Көбісі «Бұрын қалада пакеттер ұшып, жел болса аспанға шаңмен бірге көтерілетін еді. Тіпті, кейде олардан аяқ алып жүру мүмкін емес болатын» деп еске алып жатады. Бүгінгі жағдай мүлде бөлек. Қазір Қызылордада аспанға ұшқан пакет түгілі жерде жатқан қағазды да көрмейсіз. Бұл жерде халықтың мәдениеті өскенін айқын көруге болады. Сондай-ақ, тазалықпен айналысатын мекеме қызметкерлерінің де орасан еңбегі бар екенін айта кеткен жөн.
– Бүгінде Қызылорда таза қалаға айналды. Оның тазалығы үшін әрбіріміз үлес қосатындай дәрежеге жеттік. Осының барлығы Сыр жұртшылығының мәдениетін, ұқыптылығын көрсетеді. Баяғыда, шамамен осыдан 10-15 жыл бұрын желмен жарыса ұшқан қоқыстан көз ала алмайтын едік. Есіме басымнан өткен мына бір оқиға түсіп тұрғаны. Осындай күздің кезі болатын. Кенет жел тұрып, құйынша көтерілген шаң келді де қоқысты ұшырып әкетті. Әп-сәтте аспанға көтерілген жел ұшырған пакеттің бірі менің басыма киіле жаздады. Бойым ұзын болған соң ба, әйтеуір, қашқалақтап жүріп, зорға құтылдым. Құдайға шүкір, қазір ондай жағдайдан аулақпыз, – деді ағынан жарылған Азамат есімді такси жүргізушісі.
Облыс орталығында Қобыланды, Жанқожа, Амангелді сынды батырларға, Мұстафа Шоқайдай Алаш арысына, Ыбырай Жақаевтай даңқты диқанға, Мұхтар Әуезов, Әбділдә Тәжібаев, Сырбай Мәуленовтей басқа да ақын-жазушыларға арналған ескерткіштер бой көтерген. Қызылорданың осындай кереметтерін тамашалап келе жатсаңыз алдыңыздан талай ойға жетелейтін тас мүсіндер шыға келеді. Олардың бірінде аңға шыққан жігіттер бейнеленсе, енді бірінде аламан бәйге көрініс тапқан. Кейбір тас мүсіндер көз алдыңа сайын даладағы көшті алып келсе, тағы бірінен қыз қуу ойынын көре аласыз. Керемет емес пе?!
Сыр еліндегі ғажайыптар мұнымен бітпейді. Әрбір мүсінге мән бере қараған адам өткен тарихқа үңіле алады. Бабалар жолымен жүріп, билер кеңескен ортаға келеді. Осылайша, Әйтеке, Төле, Қазыбек секілді қазақтың атақты үш биі бейнеленген ескерткішке жолығады. Сәл әрірек жүрсеңіз қазақ отбасын көрсететін мүсінді композиция кездеседі. Мұндағы аялдамалардың өзі тарихтан сыр шертіп тұрғандай әсер қалдырады. Оларда қазақтың небір батыр тұлғалары мен ақын-жазушылары, күйшілері мен жыршылары, жыраулары тұр. Олардың суреттері ілініп, қысқа ғұмырбаяндары берілген. Аялдамаларға келген әрбір адам қазақ халхының дара тұлғалы даналарының өмірімен таныса алады.
Бұл – келбеті көркем сүйікті қаламыздың бүгінгі көрінісі. Мұның барлығын сөзбен айтып жеткізу қиын, тек көзбен көру керек.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.