ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ПОЛИЦЕЙЛЕР «ЭКСПО-2017» БАРЫСЫНДА ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІПТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТКЕНІ ҮШІН МАРАПАТТАЛДЫ
Астанадағы «EXPO 2017» халықаралық көрмесінің ойдағыдай өтуіне ат салысып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде ерекше көзге түскен полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес марапатталды.
Бүгін Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің мәжіліс залында марапаттау рәсімі өтті. Департамент бастығы полиция полковнигі Қайрат Мұхитов 3 айға созылған ел тарихындағы маңызды шарада өз қызметтік міндеттерін адал орындаған қызылордалық полицейлерді қабылдап, министрлік тарапынан алғысын білдірді.
Шара барысында департаменттің 18 қызметкері марапатталды. Атап айтқанда, 1 қызметкер «Құрмет грамотамен», 5 қызметкер «Грамотамен», 5 қызметкер «Алғыс хатпен» марапатталса, 5-іне Алғыс жарияланды. Ал біреуінің лайықты қызметі үшін шені көтерілді.
Атап айтқанда, ОІІД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Жаукеев Ердаулет Баянбайұлына «полиция полковнигі» арнаулы атағы мерзімінен бұрын берілсе, Күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Әлменов Қайрат Оразұлы министрліктің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Ал Қызылорда қалалық ІІБ Жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полиция батальонының взвод командирі Жайсаңбаев Шаттық Ғабитұлына «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі табысталды.
Департамент бастығы ел тарихында маңызды шарада азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғап, құқық тәртібінің жоғары деңгейде қамтамасыз етілуде қызылордалық полицейлердің қосқан үлесі зор болғандығын баса көрсетіп, аталған көрменің кәсіби шеберліктерін шыңдап, жаңашылдықтарды игеріп, тәжірибе жинақтауда жақсы мүмкіндік болғандығын атап өтті.
Қызылорда облысы ІІД баспасөз қызметі