ЖУРНАЛИСТЕР ҚАЛАМДЫ ҚАЛАҚҚА АУЫСТЫРДЫ
Олар бүгін сол жағалаудағы жаңа қаланың құрылысына атсалысты. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен шараға жиырмаға жуық қаламгер қатысты. Таңмен таласа құрылыс алаңына жеткен олар Қазақ атқару комитеті мұражайыныц кірпішін қалап, қабырғасын тұрғызды. Жаңалық жаршылары осылайша жаңа қала тарихына өз қолтаңбаларын қалдырды.
Мұражай құрылысы шілде айында басталды, жыл соңына дейін тәмамдалады деп күтілуде. Құрылыс мердігері – «Промстройсервис-Е» мекемесі. Жұмысшылар екі ауысыммен қызмет етуде. Ғимараттың сырты климатқа төзімді сапалы кірпішпен қапталады. Мұрайжайға аймақтың тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін құнды жәдігерлер қойылады. Сондай-ақ, мұнда «Рухани жаңғыру» орталығы жұмыс істейді.
Сол жағалаудағы алғашқы нысандардың құрылысы мамыр айында басталды. Жалпы аумағы 1532 гектарды құрайтын жаңа қалада 11 мөлтек аудан 1 индустриялық аймақ және 3 ірі парк пен бульвар болады.
«2016-2025 жылдар аралығында сол жағалауға қоныстанған халықтың санын 51 мың болады. Болашақта жаңа қала тұрғындарының қатары 154 мыңға жетеді деген жоспар бар. Қазіргі таңда, онда 5 қабатты 18 тұрғын үй, 320 орындық балабақша, «Жастар орталығы», «Болашақ» университеті кампусының құрылыстары жүргізілуде», - деді құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Сұлтанбай Қонарбаев.
Қазіргі кезде сол жағалауда инфрақұрылымдық желілер жүргізілуде. Тамыз айында электрмен жабдықтау жұмыстары басталса, жуық арада газбен қамту, 5 шақырымдық магистральдық жол құрылысы да жүреді. Ал, жыл соңына дейін ауыз және кәріз су жүйелерін жеткізу басталады.
Келер жылы жаңа қалада ауысымына 100 келушііні қабылдайтын емханасы бар 300 орындық аурухананың құрылысы басталады.