УНИВЕРСИТЕТ ҰЖЫМЫ ЛАТЫН ӘЛІПБИІНІҢ БІРЫҢҒАЙ СТАНДАРТЫН ЕНГІЗУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ
Мемлекеттік тілді жаңғырту қажеттілігін, оның ішінде латын графикасына өту туралы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050 стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында атап өткен болатын. Осыған орай Мәжілісте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау өтті.
Парламенттік тыңдауды Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылары мен студенттері онлайн трансляция арқылы тамашалап, латын графикасына өтудің жаңа мүмкіндіктері мен тиімді тұстарын талқыға салды және өзара пікір алмасты. Келелі басқосуда қатысушылар латын әліпбиінің оң тұстарын талқылады. Сондай-ақ оқу орынының оқытушылары жаңашылдыққа көшу арқылы біраз жетістікке қол жеткізуге болатындығын тілге тиек етті. Оған қоса латын әліпбиіне ену арқылы түбі бір түркі халықтарымен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Ол үшін латынға көшу қажет екендігі жөнінде айтылды. Нәтижесінде университет ұжымы мен студенттер латын әліпбиіне көшу – өркениетті елдердің қатарына қосылуға, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен септігін тигізеді деген ортақ пікірге келді.