БАРЛЫҚ ЕЛДІ МЕКЕНДЕ ДЕРБЕС БЮДЖЕТ ҚОЛДАНЫСҚА ЕНГІЗІЛЕДІ
Келесі жылдан бастап халқының саны 2 мыңнан асатын, ал 2020 жылы барлық елді мекенде төртінші деңгейлі дербес бюджет қолданысқа енгізіледі. Ал бұл ауыл әкімдерінің құзыретін арттыруға сеп.
– Қазір жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту екі кезеңде жүргізіліп жатыр. -Алдымен барлық ауылдық округтің әкімдеріне 7 түрлі кіріс бойынша қолма-қол бақылау шоттары ашылса, одан кейін салықтың 6 түрі беріледі, – деді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Ал ауыл әкімдерінің дербес бюджеті пайда болғанда олар өз мәселелерін өздері шеше алады. С.Құлымбетова облыс бюджетін жіліктеп берді. Ол биыл 209 млрд теңге болып бекітілді. Жыл басынан бері 3 рет нақтыланып, 218,7 млрд-ға жетті. Негізгі шығыс білім, медицина, мәдениет, спорт сияқты әлеуметтік салаларға бағытталып отыр. Жан басына шаққандағы бюджет шығысының көлемі бойынша Сыр өңірі – республикада 3-орында, ал шығыстың әлеуметтік салаға бағытталуы жөнінен алдыңғы лекте келеді.