КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ КӘСІПКЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАДЫ
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасына құқығын қорғауды сұрап келген келесі кәсіпкер «Орда Люкс» ЖШС.
Осы жылы кәсіпкер «Қазгидромет» ЖШҚ РМК Қызылорда облыстық филиалы мекемесіне кабель жеткізетін болып келісім-шартқа қол қояды. Тапсырыс беруші мекеме ауызша келісім бойынша тауарды 25 шілдеге дейін жеткізіп беруді сұрайды. Ал кәсіпкер тауарды 27 шілдеде апарып береді.
Бұл жағдаймен келіспеген «Қазгидромет» ЖШҚ РМК Қызылорда облыстық филиалы тауарды жеткізу мерзімін кешіктірді деп, кәсіпкерді жосықсыз қатысушы деп тануға жатқызу үшін сотқа талап арызбен жүгінеді.
Сотта кәсіпкердің заңды өкілі ретінде Кәсіпкерлер палатасының заңгері Аида Қаюпова қатысып, құқығын қорғады.
«Орда Люкс»-тен өтініш түскеннен кейін жан-жақты зерттеп шықтық. Келісім-шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын 1 және 2-қосымшаларына сәйкес тауарларды жеткізу мерзімі келісім шартқа сәйкес деп белгіленген, алайда Шартта тауарды жеткізудің нақты мерзімі көрсетілмеген. Осыған орай, «Казгидромет» ЖШҚ РМК Қызылорда облыстық филиалы тарапынан «Орда Люкс» ЖШС-нен тауарды 2017 жылдың 25 шілдесіне дейін жеткізуді талап ету негізсіз деп есептейміз. Сотта да осы дәлелді алға тартып, жеңіп шықтық», - дейді Аида Қаюпова.
Айта кету керек, кәсіпкер сотта жеңілген жағдайда республика көлеміндегі жосықсыз кәсіпкерлер тізіліміне еніп, қызметін 2 жылға тоқтататын еді.
Жалпы жыл басынан бері Кәсіпкерлер палатасына бизнес өкілдерінен 133 өтініш түсіп, оның 66-сы оң шешімін тапты. Нәтижесінде Палата кәсіпкерлердің 223,7 млн.теңге қаржысын сақтап қала алды.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі