ОТБАСЫ – ШАҒЫН МЕМЛЕКЕТ
Қызылорда облысы ТЖД кәсіби оқу сабағы залында Отбасы күніне орай арнайы дәрістер тыңдалды. Бұл туралы Қызылорда облысы ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.
Бірінші дәрісті Қызылорда қаласы әкімдігінің Қызылорда қаласының Азаматтық хал-актілерді тіркеу бөлімінің бас маманы Әсия Жортбасова оқыды.
- «Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 1 наурыздағы №511 Жарлығымен қыркүйектің екінші жексенбісі Отбасы күні деп бекітілген. Бірінші кезекте, Отбасы күнін Қазақстанда мерекелеу неке мен отбасы институтын, сонымен қатар қоғамда имандылықты және руханилықты нығайтуға негізделген. Бүгінде демографиялық саясаттың әуелгі факторы ретінде отбасылық құндылықтарды халық санасына сіңіру - басты мемлекеттік міндеттердің бірі болып табылады»,-деді. 2017 жылдың 8 айында қала бойынша 1705 некеге тұру, 610 неке бұзу тіркелген. Қала бойынша 7339 сәби дүние есігін ашқан. Осы ретте қазақстандық отбасының оң имиджін насихаттау арқылы өскелең ұрпақты отан сүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу, отбасы, ана, әке және бала қорғауға қамтамасыз ету, мемлекеттің демографиялық дамуы үшін жағдай жасау маңызды, - деді ол.
Сондай-ақ, екінші дәрісті оқыған Облыстық ішкі саясат басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Бақтияр Оспанов отбасында жеке адамның бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілігін, мәдениеттілігін, діни сауаттылығын тәрбиелеуде отбасы – алғашқы қадам екендігін баса айтты.
- Жат ағымнан аулақ болуға тәрбиелеу де отбасы үшін аса маңызды. Отбасы – өте қажетті, басқа еш нәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ. Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады,-деп ойын қорытты.
Барлық қазақстандық отбасылар аман болсын. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті де біз отбасын Отанның кішкентай бір бөлшегі ретінде қарастырамыз. Ендеше, «Отбасы – шағын мемлекет» екені даусыз.