ҚАУЫМДАСТЫҚТАРДЫ ІРІЛЕНДІРУ САЛАЛАР ҮШІН ҚАЖЕТ ПЕ?
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудағы бірден бір тәсіл – шағын бизнесті ірілендіру, шоғырландыру. Мәселен, ауыл шаруашылығындағы сәтті құрылған кооперацияларды тілге тиек етуге болады. Бірнеше шаруа қожалықтар бірігіп, бірінде техника, бірінде мал басы, бірінде қора-жайы бар әлеуетті ортаға салып, кәсіптерін табысты ұйымдастырып келеді. Бүгінде әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар агроөнеркәсіп кешенін жетілдіруде ұтымды модельге айналды.
Әр саладағы шағын қауымдастықтар мен одақтар осы принциппен бірігуге күш салмақ. «Қауымдастық» сөзі «Уикипедия» ашық энциклопедиясынан алған мәлімет бойынша «ортақ шаруашылық мақсатқа жету үшін ұйымдардың немесе жеке тұлғалардың шарт негізінде бірігуі, нақты шекаралар, тұрғылықты жерлер немесе территориялар ішінде әрекет ететін әлеуметтік байланыстар жиынтығы» дегенді білдіреді.
Яғни бір саладағы шағын кәсіпорындар біріккенде қауымдастықтарды құрады, ал біріккен қауымдастықтар белгілі бір саланың жалпы индустриясын қалыптастырады. Қауымдастықтарды ірілендіру саладығы жүйелі мәселелерді шешуге, әкімшілік кедергілерді азайтуға жол ашады. Бұл әлемдік практика.
«Атамекен» ҚР ҰКП сарапшылары бизнесті ірілендіруді қажет үдеріс деп санайды. «Қазақстанның машина жасау саласындағы қауымдастықтар ірілендіру үдерісін бастап кетті. Бүгінде елімізде жеңіл және жүк көліктер құрастырылады, әлемнің жетекші авто шығарушы компаниялардың технологиялары енгізілуде. Қазақстан тепловоздар мен вагондарды жасап шығарады. Вагондарға қолданылатын металдардың 80%-ы отандық шикізат. ТМД елдері бойынша вагондар мен тепловоздарды шығаруда тәжірибеміз бар. Қауымдастықтарды ірілендіру салаларға қажетті. Бұл дамудың оңтайлы моделі болып отыр», – деді ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің 1-санатты сарапшысы Өмірсерік Ержанов.
Жалпы ірілендіру кәсіпорынды банкроттықтан сақтайды. Қызылорда облысында бизнес-қауымдастықтар ірілендіруді қалай жүзеге асырып жатыр?
Қызылорда облысының Әділет департаменті берген мәлімет бойынша өңірде 33 бизнес-қауымдастық тіркелген. Оның жетеуі аудандарда құрылған. Алайда олардың бір де біреуі бүгінде жұмыс істемей тұр. Ал 9 қауымдастықтың жұмысы кәсіпкердің мүддесін қорғайтындай деңгейде емес, 4-еуі жұмысын тоқтатқан. Жұмыс істеп тұрған қауымдастықтардың ішінде де бір-бірінің қызметін қайталайтындары кездеседі.
Енді тұрақты жұмыс атқарып, кәсіпкерлерге септігін тигізіп келе жатқан қауымдастықтар туралы аз-кем тоқталып өтейік.
Қазіргі кезде аймақта ауыл шаруашылығы, оның ішінде күріш егушілердің мүддесін қорғайтын «Күріш өндеушілер және өндірушілер» қауымдастығы, жергілікті тауар өндірушілердің басын біріктіретін «Қызылорда облысы бойынша жергілікті қамтуды дамыту» қауымдастығы, құрылысшылардың «Қызылорда облысының құрылысшылар» қауымдастығы өз салалары бойынша қызмет атқарып отыр.
Биылғы жылдан бастап Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен «Қызылорда» туристік қауымдастығы жұмысын жандандыруда.
«Қызылорда» туристік Қауымдастығы 2015 жылы құрылған. Алайда бұл қауымдастықтың жұмысы тұралағананын ескеріп, Кәсіпкерлер палатасы тиісті шаралар қабылдады.
«Өңірде туризмді дамыту үшін жүйелі жұмыс жүргізе білетін, саланың дамуына ықпал ететін арнайы ұйым болу қажет. Ондай ұйым біздің облыста құрылған болып шықты, бірақ жұмыс жасамай тұрған. Осы жайтты ескере келе біз «Қызылорда» туристік Қауымдастығының құрылтайшысымен келіссөздер жүргізіп, Қауымдастық басшысын қайта сайлау туралы ұсыныс енгіздік. Нәтижесінде Кәсіпкерлер палатасының алаңында Қауымдастықтың отырысы өткізіліп, бизнес өкілдері Булегенова Сәуле Бақытжанқызын Қауымдастықтың басшысы етіп сайлады», – деп бікір білдірді Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Гүлдана Таңатова.
6 қыркүйек күні өткен Қазақстан–Польша бизнес-форумында Мемлекет басшысы Қазақстанда іскерлік туризмнен бастап экологиялық туризмге дейін дамыту қажет екенін атап өткен болатын. Қазақстан территориясы таулы зона, орманды дала зонасы, шөл және шөлейт зоналарын қамтиды, демек турзим саласында әлеует жақсы.
Бүгінде Қауымдастық Кәсіпкерлер палатасымен Қызылорда облысында туристік қызметті дамытудың Жол картасы әзірленіп, жергілікті атқарушы органға келісім алуға жолданды.
Мұнан өзге, «Қызылорда облысының көрнекі жерлерінің картасын», аудандарды енгізе отырып аймақтың туризм саласындағы жол-нұсқасын әзірледі. Сондай-ақ www.turist-qyzylorda.kz cайтын әзірлеп, жоғарыда аталған құжаттар мен мәліметтерді сайтқа орналастыру жұмыстарын жүргізуде.
Жалпы, қазіргі таңда Қызылорда облысының 15 бағытты қамтитын туристік маршруты бекітілді. Бұлар – ең алдымен Арал ауданының туристік әлеуеті, Қорқыт ата мемориалдық кешені, Байқоңыр ғарыш айлағынан зымыран ұшыру алаңы, Жаңақорған ауданының тау сілемдері және өзге де мәдени-ағарту, тарихи және зиярат ету орындары. Туристік маршруттар бойынша «Қызылорда облысының визиттік карточкасы» бекітілді.
Аймақтың туристік инфрақұрылымы – 85 қонақ үй, 2 сауықтыру мекемесі, 9 балалар сауықтыру лагері, 8 мұражай, 559 сәулет-тарихи ескерткіштер және табиғи ресурстармен қамтылған.
Ендігі жерде «Қызылорда» туристік Қауымдастығы, Кәсіпкерлер палатасының мамандарымен өңірдегі туристік нысандарды аралап, тізілімін қалыптастырып жатыр.
Бұл материал арқылы не айтқымыз келді? Біріншіден, облыстағы қауымдастықтар туралы азды-көпті ақпарат алғанын қаладық. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бастамасымен жүргізіліп жатқан қауымдастықтардың ірілендіру үдерісі өңірлерде басталғаны экономиканың әр саласында айтарлықтай даму әкелетіні сөзсіз.
Әлия Кемелбекова, Балдырған Мәмен