11 ШЕТ МЕМЛЕКЕТТЕН ИНВЕСТОРЛАР ТАРТЫЛАДЫ
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев мәлімдеді.
Бүгінде өңір мамандары шетелдік компаниялармен кездесіп, инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру үшін келіссіздер жүргізуде. Инвесторларды ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу істеріне тартуға басымдық берілуде. Аймағымызда 50 мыңнан астам гектар жер пайдаланусыз жатыр. Қалталы азаматтардың осында кәсібін дөңгелентуге мүмкіндіктері мол.
«Осы уақытқа дейін индустриалық жобалар бойынша 8 елге өнімдерімізді экспортқа шығардық. Ал биылдан бастап 10 елге өнімдерімізді таратамыз. Бір ғана мысал, бағдарлама аясында 2 бірдей испандық цехты іске қосқан «Аралтұз» АҚ-ы өткен жылы шет елдерге 60 пайыз өнімін экспорттаған болатын. Тек соңғы 2 жылда Ресей нарығында ас тұзы бойынша 12 пайыз үлесті иеленді», - деді Ринат Сұлтангереев.
Сонымен қатар, облыс көлемінде индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында құны 610 млрд.теңгені құрайтын, іске қосылғанда 6,2 мың адамды жұмыспен қамтитын 24 жоба жүзеге асырылуда.
Жалпы алғанда, 17 жоба іске қосылған болса, екінші бесжылдық аясында іске асырылатын 24 жобадан бүгінгі күні 3 жоба іске қосылды.
2017 жылдың 7 айында барлық іске қосылған жобалар арқылы 10,7 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемінің 12,1 пайызын құрады.
Сондай-ақ, өнеркәсіп саласында осы жылы 23 жоба іске қосылады. Оның ішінде 10 кәсіпорын индустриалық аймақта орналасқан. Осыған дейін 7 шағын және орта кәсіпорын ашылған болатын. Жыл соңына дейін 16 кәсіпорын іске қосылмақшы. 551 жан жұмыс орнымен қамтылады.
Өңдеу өнекәсібі саласында жыл басынан бері 57,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылымен салыстырғанда 3 пайызға артқан. Ал, инвестиция көлемі 19 пайызға өсіп, 92 млрд.теңгені құрады.