КӘСІПКЕРЛІКТЕ ҚАРҚЫН БАР
Елбасының биылғы Жолдауында «шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету керек» деген сөзі де, Шиеліде іс жүзінде іске асып жатыр. Мемлекеттік бағдарламалар аясында несие алып, қорадағы малын көбейтіп, далада егінін егіп жатқандардың да қарасы толық.
«Мөлдір и К» ТС 1996 жылдан бастап құрылыс материалдарын өндіру бағытында жұмыс жасап келеді. Белгілі кәсіпкер Насыр Мырзабеков басқаратын бұл ұжым, 2016 жылы «Мөлдір и К» ТС құс шаруашылығын дамыту мақсатында 165 млн. теңге инвестиция салып, «Шиелі құс» фермасын іске қосқан болатын.
Міне, содан бері 11 мың басқа арналған заманауи үлгідегі құс фермасы ауданымызда өз жұмысын жасап келеді. Қажетті құрал жабдықтары ҚХР-нан әкелініп, іске қосылған фермада бүгінде тәулігіне 10 мың данадан астам жұмыртқа өндіріліп келеді. Бір жыл ішінде 1 млн. жұмыртқа өндіріп, нәтижесінде облыс көлеміндегі жұмыртқа бағасын 14-16 теңгеге төмендеткен ферма, өңірдегі азық-түлік бағасының да тұрақтылығына ықпал етуде.