НҰРОТАНДЫҚТАР ОҚУШЫЛАРҒА МАМАНДЫҚ ТАҢДАУҒА ЖОЛ КӨРСЕТТІ
Болашақта мамандық таңдауда жаңылыспау- маңызды қадамның бірі. Бұл бағытта өңірде Елбасымыздың "100 нақты қадам" бағдарламасының аясында кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Бүгін «Нұр Отан» партиясы Жалағаш аудандық филиалының өкілдері бастаған арнайы топ «Сәтті қадам» партиялық жоба аясында «Жақсы мамандық - жақсы жұмыс» тақырыбында мектеп оқушыларымен кездесіп, мамандық таңдау бойынша жан-жақты психологиялық және кәсіби кеңестер берді.
Кездесу №246 мектеп ғимаратында өтті. Мұнда 9-11 сынып оқушылары жиналды. Білім ұясының шәкірттеріне болашақта мамандық таңдаудың қыр-сыры түсіндіріліп, кәсіби бағыттары жан-жақты айқындалды.
- Жоғары білім алу қазір негізгі мақсат емес, қоғамға, елге, аймағымызға тапшы мамандық таңдап, сапалы қызмет етуге жұмыс жасау керек. Бүгінгі біздің мақсатымыз да - оқушылардың мамандық таңдағанда қойылатын негізгі талаптарға көңіл аудару болып табылады.Бұл орайда «Нұр Отан» партиясы өзінің «Сәтті қадам» партиялық жобасы аясында жастарымызға мамандық таңдау мен жұмысқа орналасуына мол мүмкіндіктер жасап отыр,-деді кездесу барысында аудандық партия филиалы төрағасы бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Ахан Кенжебаев.
Кездесу барысында балаларға арнайы дайындалған тест өткізіліп, әр оқушы өзінің қабілетін саралай алды. 10 -сыныптың оқушысы Абай Тәуірбек болашақ мамандығын таңдап қойыпты. Ол дәрігер болғысы келеді.
- Мен жаңа ғана арнайы дайындалған тест тапсырдым, қорытындысы бойынша менің қалаған мамандығыммен сәйкес келіп тұр. Бүгінгі кездесудің бізге берері мол. Ұйымдастырушы партия өкілдеріне ризашылығымды білдіремін»,- дейді Абай.
Оқушылар тың шараға бар ынтасымен қатысты. Себебі, мамандықты дұрыс таңдамаудың зардаптары тек өзіне емес, сондай-ақ, отбасына, қоғамға да тиетіні оларға белгілі. Мамандықты таңдауда кателесіп, кейін жұмыс таба алмай сандалып жүретіндер де аз емес.Сондықтан кездесу барысында «Сәтті қадам» партиялық жобасының негізгі мақсаттары мен бағыттары жан-жақты түсіндірілді.