ЕРЛІК ЕЛЕУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ
Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментіне қала тұрғыны Мұрат Тумырзаевтан Алғыс келіп түсті. Онда жол-көлік апатында көрсеткен ерлігі үшін Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Қайрат Тілесовке зор алғысын білдірген.
Оқиға кешкі 18-15 шамасында «Мұқанбет Мазары» бейітінің маңында болған. Жол бойында екі жеңіл автокөлік соқтығысып, алты адам дене жарақатын алып, екі адам ауыр дене жарақаты салдарынан қаза тапқан. Жұмыстан тыс уақытта қорым маңайында туыстарымен жұмыс жасап жүрген Қайрат оқиға орнына жедел жеткен. Уақыт оздырмай құтқарушыларға хабар беріп, жолда кетіп бара жатқан жедел жәрдем көлігін тоқтатады.
- Жол апаты кезінде оқиға орнына қорым жақтан бір жігіт жүгіріп келіп, дер кезінде құтқарушыларды ұялы телефон арқылы шақырды. «Мерседес» автокөлігінен келінім мен оның үш баласын қауіпсіз жерге шығарды. Жұмыс жасап жатқан жерінен балтаны әкеліп, соқтығысу әсерінен бір-біріне жабысып қалған екі автокөліктің екі есігін қасындағы адамдардың көмегімен бұзып, көліктің ішінде қысылып қалған екі кісіні сыртқа шығарып беріп, жедел-жәрдем қызметкерлеріне тапсырды. Кейін сұрастыра келе бұл жігіттің Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Қайрат Тілесов екенін білдік. Дер кезінде көмек беріп, алты адам (оның ішінде 3 бала) аман қалдырғаны үшін Қайрат Тілесовке алғысымызды білдіреміз, жұмысына табыс тілейміз, - дейді қала тұрғыны М.Тумырзаев.
Қаһармандық ерлік, батырлық өрлік жаугершілік пен соғыста ғана сомдалмайды. Халық өмірінде орын алып жататын оқыс оқиғалар кезінде өз басын қатерге тігіп, ажал аузында қалған кез келген адамның өмірін құтқарып қалу да қаһармандық болып табылады. Халықтың бас амандығы мен мүлкін қорғауды міндетіне алған Қайрат Тілесов бүгінде Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінде Штаб-тобының бас маманы болып қызмет атқаруда. Сан түрлі қауіптен азаматтарды құтқарып қалған бейбіт күннің қаһармандарына қошемет пен құрметтің қай-қайсысы да лайық. Сондықтан Департамент басшылығы тарапынан атқарылған ерлік назардан тыс қалмайды.