ҚЫЗЫЛОРДАДА АВТОКӨЛІК ҰРЛАҒАНДАР ҚОЛҒА ТҮСТІ
2017 жылғы 06 қыркүйекте түнгі сағат 01.40 шамасында Қалалық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне 27 жастағы қала тұрғыны қоңырау шалып, үйінің ауласында тұрған «Mercedes Benz» маркалы автокөлігінің ұрланғаны жайлы хабарлаған. Жедел-іздестіру шараларына сол аумақта барлау жұмыстарын жүргізіп жүрген жол-патрульдік полиция батальоны қызметкерлері жұмылдырылып, нәтижесінде автокөлік қала көшелерінің бірінен анықталады. Оқиға орнынан 18 және 23 жастағы 2 қала тұрғыны ұсталып, Қалалық ішкі істер басқармасына жеткізілді.
Дәл осындай қылмыс дерегі 25 тамыз күні де тіркелген болатын. Қала орталығындағы мейрамханалардың бірінің алдындағы автотұрақта тұрған 55 жастағы азаматтың «Nissan Maxima» маркалы автокөлігін белгісіз біреулер белгісіз бағытқа айдап кеткені белгілі болады. Жедел-іздестіру шаралары барысында автокөлік Есенов көшесі бойынан анықталады. Қылмысты жасады деген күдікпен 1986 жылы туылған қала тұрғыны анықталып, Уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынады.
Екі дерек бойынша да Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабы 1-бөлігі (автомобильді жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Осыған сәйкес, қызылордалық полицейлер облыс тұрғындары мен қонақтарына автокөліктерін үй аулаларына, гараждарға, автотұрақтарда қалдырған кезде қырағылық танытуына кеңес береді. Сондай-ақ, автокөлікті қараусыз қалдырмауларын, қараңғы жерлерде ұзақ уақытқа тұраққа қоймауларын, құжаттар мен құнды заттарды автокөлік ішінде сақтамауларын ескертеді.
Көліктен аз уақытқа шықсаңыз да есіктері мен терезелерінің, жүксалғышының жабық екендігіне көз жеткізіп, кілтті тұтандыру тетігінде қалдырмауларын, мүмкіндігінше автокөлікті сақтандырып, айдап кетуге қарсы жүйені орнатуларын сұрайды.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі