ДАЙЫН ӨНІМГЕ СҰРАНЫС АРТАДЫ
Өңірлік коммуникациялар қызметінде «ҚР Ұлттық Банкі» РММ Қызылорда филиалының директоры Әсет Мұстафин БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясын өткізді.
Оның айтуынша тұтастай алғанда нақты сектор бойынша дайын өнімге сұраныс өсу аймағында тұр. 2-тоқсанда жүргізілген кәсіпорындар мониторингінің нәтижелері (таңдаудың көрнекілігі – 46,5%), экономиканың нақты секторындағы оң үрдістерді көрсетіп отыр. Кәсіпорындардың күтулері бойынша, 3-тоқсанда дайын өнімге сұраныс жедел өседі, дайын өнімнің, сондай-ақ шикізат пен материалдардың бағасы баяу өседі.
- Мониторингке қатысушылардың инвестициялық белсенділігіне назар аударғым келеді. 2017 жылғы 2-тоқсанда инвестицияларды қаржыландырмаған кәсіпорындардың үлесі азайды. Осы мақсатта меншікті қаражаты мен банктердің кредиттерін пайдаланған кәсіпорындардың үлесі өсті, - дейді ол.
Бұл ретте тарихи тұрғыдан банктердің кредиттері бойынша берешегі бар кәсіпорындардың үлесі көп өзгермейді. Мәселен, 2003 жылдан бастап кредиттік берешегі бар кәсіпорындардың үлесі (мониторингке қатысушы кәсіпорындардың жалпы санынан) шамамен 40% болды. 2006-2008 жылдары аталған үлес 45%-ға жетті, бұл айтарлықтай өзгеріс әкелмейді, яғни кредит кәсіпорындар қызметін қаржыландырудың негізгі көзі бола алмайды. Бұл ресми статистикамен расталады. Негізгі капиталға инвестициялардың көп бөлігі кәсіпорындардың меншікті қаражаты есебінен – орташа алғанда 2005 жылдан бастап кезең ішінде 50%-дан астам мөлшерде өтеледі. Ерекше жағдай 2009 жылы орын алды, ол кезде ұйымдардың меншікті қаражаты есебінен инвестициялау үлесі 33%-ға дейін, негізінен тау-кен өндіру секторына және көлікке шетелдік инвестициялардың қаражаты есебінен қысқарды. 2005-2017 жылдары банктердің инвестициялардың жалпы көлеміндегі кредиттерінің үлесі орташа алғанда 10%-дан аспады (қарыз қаражатының жалпы көлемдегі үлесі 20,3%-ды құраған 2013 жылды қоспағанда). 2017 жылғы қаңтар-шілдеде негізгі капиталға инвестицияларға меншікті қаражат үлесі 70%-ға жуық болды.