АДАЛДЫҚТЫҢ БЕЙНЕСІ БЕГІМ АНА
Осыдан біршама уақыт бұрын Бегім анамыздың мазарына зиярат жасаудың сәті түскен еді. Жол-жөнекей көңілімді белгісіз сезім билеп, толғанысқа түскенімді несіне жасырайын. Ел арасындағы «Бегім ананың мазарына ер адамдарға баруға болмайды. Ананың рухы ер кісілерді жақтырмайды-мыс. Алда-жалда ер кісілер жағы зияраттаса, әлдебір келеңсіз оқиғаға тап болады» деген әңгімені естіп жүргендіктен бойымда қорқыныш та жоқ емес.
Сәйкестік пе, әлде арнайы дайындап қойған ба, аңыз ана мәңгілікке тыным тапқан мекенге жеткенше автобус ішінде Бегім анамыз жайлы терме-толғау бір сәтке үзілмеді. Салон толы зиярат жасаушылар демдерін іштеріне тартып тым-тырыс отыр. Өнер құдіреті дегенді тағы да мойындауға тура келді. Анамыздың тылсымға толы тағдырын баяндаған термені тыңдап, межелі жерге қалай жеткенімізді аңғармай да қалдық.
Адалдықтың символына айналған анамыздың мәңгілік мекенінің сол сәттегі көрінісін тілмен жеткізу мүлде мүмкін емес. Тамылжыған табиғат аясындағы мазар-дың дәл төбесіндегі тұп-тұнық аспан, жеңіл көшкен аппақ мамықтай бұлттар, маңайға сәулесін шашып, жарқыраған күн нұры, бәрі осынау мекеннің аса қасиетті екенін паш еткендей. Әсерленгеніміз соншалықты, ана кесенесінің мұнарасының екі қапталындағы ақша бұлт аппақ құстың қос қанатындай елестеп өтті. Жақсылыққа жорыдық. Сапарымыз сәтті аяқталды. Ананың аруағы жар болған шығар көлігіміз де сыр бермеді. Ешқандай қиындыққа кездеспей үйге оралдық. Енді Бегім анамыздың аңызға айналған ғұмырына, көпшілік қасиетті мекен санайтын кесенесі мен кент орталығындағы ескерткішінің тарихына тоқталсақ.
«Бегім ана» мұнарасы Х-ХІІ ғасырлардағы сәулет өнері ескерткіші. Оны кеңес үкіметі тұсында Қазақстанның тарих және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының экспедициясы (жетекшісі Ә.Оспанов) зерттеген. Мұнара шикі кірпіштен қапталған. Биіктігі 10 метрден асады. Жоғары қарай сәл қусырыла келген сегіз қырлы призма пішінді, төбесі пирамида болып біткен. Орта деңгейдегі мұнара бағанасы тұтас, онан жоғары бөлме бар. Оған шығыс жағындағы арқалық ойық арқылы кіруге болады. Мұнара ескерткіш үшін не белгі беруге, қарауыл қарауға салынуы мүмкін деген де болжам бар. Қазақстанда осы тәріздес ортағасырлық мұнаралар (Ұзынтам, Сара-манқоса) көп кездеседі. Ал Орта Азияда мүлде жоқ деседі. Бірақ «мұнаралы кесене» деген атауымен белгілі. Мұндай ескерткіштер XIII-XIV ғасырдан соң Иран, Түркия, Әзірбайжанда кең тараған. Бұл жағдай осы елдерге Арал аймағынан түркі тайпаларының ығысып баруына байланысты болуы мүмкін.
1989 жылы мұнараға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аңыз бойынша Бегім ана Жанкент әмірінің әйелі, нақақ жаланың құрбаны болған. Ал аудан орталығы – Әйтеке би кентінен Бегім ана ескерткіші өткен жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында «Тәуелсіздік аллеясы» бойында тұрғызылды. ХІ ғасырда Селжүк мемлекетінің тұсында ғұмыр кешіп, сұлулық пен адалдықтың символына айналған Бегім ананың құметіне ақ гранит тастан жасалған. Биіктігі 5 метрді құрайды. Сыртқы жағындағы барельеф қабырғада сол кезеңдегі тарихи оқиға көріністері тастан қашалып бейнеленген. Мәрмәрға тарихи баяндар жазылған. Жобаның авторы («Шынар Проект и Компания» ЖШС) – А.Тұрсынбай. Бегім ана және Асандар көтерілісі ескерткіштері ұрпақтары қаржысынан орнатылған. Авторы – мүсінші Жәркен Исмағұлов», – дейді Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекші маманы Райса Тасыбаева.
Аңыз түбі әлдебір оқиғадан өрбитіні әмбеге аян. Олай болса ел арасындағы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен әңгіме желісіне құлақ түрелікші. Ондағы «Жанкенттің әміршісі Санжар хан нөкерінің ғайбатына сеніп, күнәдан пәк Бегім сұлудың оң қолын шауып, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіліп жазықсыз жазалайды. Бегімнің әкесі атақты Қарабура әулие қанішер ханға «Қызым ақ болса, шабылған қолы, кесілген бұрымы, тілінген танауы қалпына түседі», – дейді. О, ғажап, әділдік үстем шығып, Бегімнің дене мүшелері қалпына келеді. Қызының нақақ жәбір көргеніне назаланған әулие Санжар ханды қарғапты. Зұлымдық жазасыз кетсін бе? Құдіреттің күшімен көктен іші ордалы жыланға толы мес түсіп, хан бағыныштыларымен бірге ажал құшыпты. Ал Бегім сұлу ақ құсқа айналып көкке ұшып кетіпті деседі. Қонған жеріне керемет мұнара пайда болыпты». Осы аңызды бұл өлкеде білмейтіндер кемде-кем. Қалай десек те, Бегім ана есімі ел жадында мәңгілік сақталып қалды.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.