ВАЛЮТАЛЫҚ САЛЫМДАР 50 ПАЙЫЗҒА ӨСТІ
Депозит нарығында валюталық салымдар үлесінің төмендеуі жалғасуда. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «ҚР Ұлттық Банкі» РММ Қызылорда филиалының директоры Әсет Мұстафин мәлімдеді.
2017 жылдың шілде айында 2016 жылыдың сәйкес айымен салыстырғанда Қызылорда облысында салымдардың 50,0%-ға өскендігі байқалады. Республика бойынша салымдар өсімі 33,8%-ды құрап отыр. Шетел валютасындағы салымдар 34,0%- дан аса азайып, (жыл басынан - 26,2%-ға төмендеген) нәтижесінде облыс банктеріне салынған шетел валютасындағы салымдар үлесі 2016 жылдың сәйкес кезеңіндегі 54,8%-дан 34,6%-ға төмендеді.
- Жеке тұлғалар салымдарының құрылымында шетел валютасындағы депозиттер үлесі 31,6%-ға дейін (2016 жылдың сәйкес кезеңінде – 48,6%), заңды тұлғалар салымдары 68,6%-дан 47,4%-ға дейін төмендеді, - дейді Әсет Мұстафин.
Сондай-ақ, оның айтуынша кредиттеу нарығы біртіндеп қалпына келіп жатыр. 2017 жылғы қаңтар-шілдеде жаңадан берілген кредиттердің көлемі 2016 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5,2%-ға ұлғайды,облыс бойынша 50,1%-ға. 2017 жылдың басынан ЕДБ шетел валютасында несиелер берілген жоқ.
Нәтижесінде 01.08.2017 жыл деңгейіне экономикаға берілген несиелер бойынша ссудалық қарыз 12,8 трлн. құрады 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,7%-ға өскен, облыс бойынша бұл көрсеткіш– 156,6 млрд. теңге болды (өсімі - 12,7%).
- Өздеріңізге белгілі банк секторының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және экономиканың нақты секторын кредиттеуді қалпына келтіру мақсатында Ұлттық Банктің Қазақстан Республикасы банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасын қабылдағаны белгілі. Бағдарлама банктерді капиталдандыруды қолдауға бағытталған, олардың қаржылық тұрақтылығын және ықтимал жаңа жағымсыз сыртқы факторларға төзімділігін күшейтеді. Бұл ретте бағдарлама акционерлер мен инвесторлардың банкті капиталдандыру жөніндегі ортақ жауапкершілігі қағидатымен іске асырылатын болады. Банк секторын қолдау бойынша қабылданатын шаралар банк секторының жұмыс істемейтін активтерінің қысқаруына, нақты секторды кредиттеуді жандандыруға әкеледі және тұтастай алғанда ел экономикасының дамуына мультипликативті әсер етеді, - дейді Ә.Мұстафин.