«АТАМЕКЕН» МЕН «АСТАНА» ҚАРЖЫ ҚОРЫ – СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕРІКТЕСТЕР
«Атамекен» ҰКП және «Астана» Қаржы орталығы Қазақстандағы іскерлік ахуалды жақсартуға бірге кірісетін болды.
Бүгін «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев пен «Астана» ХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Астана» Халықаралық қаржы орталығы арасында өзара түсіністік туралы меморнадумына қол қойды.
Халықаралық қаржы орталығы экономиканы әртараптандыру, тұрақты өсу мен еліміздің толыққанды қаржы жүйесін қалыптастыруға бағытталған мемлекеттегі құрылымдық реформалардың бөлшегі болып табылады. Осы мақсатты орындау үшін ҚР Конституциясына бір қатар өзгертулер енгізілді. Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы «ЭКСПО» көрмесінен кейін бірден іске қосылады деп хабарлады.
Қаржы орталығы базасында ағылшын құқығы принципіне және жетекші әлемдік қаржы орталықтардың стандарттарына негізделген дербес сот құру жоспарланған. ХҚО дербес соты орталық қатысушыларының құқықтары мен мүдделерін қорғауға қолайлы, инвесторлар үшін тартымды құқықтық ортаны қалыптастырады.
«Төрт жылда «Атамекенге» түскен өтінімдер ішінде сот даулары көп. Бұл кешенді шешімді талап ететін жүйелі мәселелер. Осы ретте отандық құқықтық кеңістігіне ағылшын құқығы негізінде үздік тәжірибені енгізбекпіз. Осылайша көптеген дауларды сотқа дейін шешуге мүмкіндік туады. Арбитраж әдісі дамыған елдердің барлығында дерлік қолданылады, осы тәжрибе бізде де көрініс табады. Бизнес мүддесін қорғаушы институт ретінде «Атамекен» үшін бұл өте маңызды. Жалпы Ұлттық палата мен Халықаралық қаржы ұйымының бірлескен жұмысы елдегі іскерлік ахуалды жақсартуға бағытталған», – деді Тимур Құлыбаев.
Төралқа Төрағасы іскерлік ахуалды жақсарту бизнеске корпоративтік басқару стандарттарын көтеруге жол ашады деп атап өтті. Бұл Сингапур, Нью-Йорк, Гонконг биржаларына өздігінен шыға алатын компанияларға ғана емес, сонымен қатар листинг процедурасынан өткен компанияларға да қатысты.
Өз кезегінде Қайрат Келімбетов ірі компанияларды жекешелендіру бойынша Елбасы жарияланған бастама отандық қор нарығы дамуына жақсы мүмкіндік болып, жергілікті компанияларға оң әсер етіп, олардың инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі деп атап өтті.
Сонымен қатар жуық арада ХҚО шеңберінде жаңа қор биржасы құрылады. Қор биржасында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ жетекші компаниялары мен басқа да қазақстандық кәсіпорындардың құнды қағаздары жарияланбақ.
Қорытындылай келе Қайрат Келімбетов Халықаралық қаржы орталығының кәсіпкерлікті дамытудағы негізгі серіктесі «Атамекен» ҚР ҰКП екенін хабарлады.
Тараптар мемлекеттің қаржы индустриясын жетілдіруге бірлесіп атсалысуға ниетті екендерін жеткізді.