ҚАЗАЛЫ ТЕМІРЖОЛ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАЗАСЫНДА ИНСУЛЬТТЫҚ ОРТАЛЫҚ ЖҰМЫС ЖАСАЙДЫ
Қызылорда облысында осы жылдың 6 айында УДДГ (ультрадыбыстық доплерография) зерттеуімен 1 886 адам тексеріліп, 80-де стеноз анықталып, 89%-на консервативті ем тағайындалып, 11%-на каротидті эндоартерэктомия отасы жасалған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.
Оның айтуынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Денсаулық сақтау Министрлігі бекіткен Жол карталардын индикаторлары толық орындалды. Осы ауруларға шұғыл медициналық көмекті ұйымдастыруда «алтын сағат» уақытын сақтау өте маңызды. Осыған байланысты, аймақтағы жол қатынастарының ұзақтығын ескере отырып, елді мекендерде орналасқан халыққа мамандандырылған көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2016 жылдың ақпан айында Қазалы теміржол ауруханасының базасында ауданаралық II деңгейлі инсульттық орталық ашылған болатын.
- Бұл орталық Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары мен Байқоныр қаласының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, Қазалы аудандық орталық ауруханасының базасында 15 төсек орынға нейрореабилитациялық бөлім, №3 қалалық емхананың базасында инсультпен ауырған науқастарға кеш оңалтуды жүргізу мақсатында нейрореабилитациялық орталық ашылған. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап амбулаториялық деңгейде реабилитация жұмысын жүргізу мақсатында 6 ауданда 5 реабилитациялық төсек орыннан ашылды, - дейді басқарма басшысы.