ТАУ ЕТЕГІНДЕГІ ҚЫЗАНАҚ АЛҚАБЫ
Биыл Жаңақорғандағы тың бастаманың бірі – Бесарықтағы томат бағытындағы қызанақ өндірісі. Оңтүстік Қазақстан облысынан инвестиция құйған «Зерде Строй» ЖШС осы жобаны қолға алып, томат өндірісін қайта іске қоспақ.
– Шыны керек, биыл дала диқандарының шаруасы ширақ. Мекеме жұмысында ілгерілеу бар. Ең бастысы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуда. Бұл жұмыссыздықты шешудің, яғни «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасын іске асыруда керемет мүмкіндік болып отыр. Бұл бір. Екіншіден, трансформатор іске қосылғалы ауыл жарықтан қиындық көрмейтін болды. Тоқ күші тіпті 10 мың адамға дейін қызмет көрсете алады. Ал, қазір біздің ауылда небәрі 3600 тұрғын бар. Демек, бұл мәселеде біздің ұтарымыз көп, – деді ауыл әкімі Әлібек Абдуллаев.
Биыл 200 гектарға қызанақ дәнін сепкен. Әзірге еңбек еш кетіп жатқан жоқ. Тамшылатып суару әдісімен суарылып жатқан голландиялық қызанақтың сапасы да сын көтереді. Қазірдің өзінде Шымкент қаласына 30 тонна қызанақ жөнелтілген. Келісім бойынша Оңтүстік өңірдегі арнайы цехқа барлық өнімді өткізу жоспарланған. Ал, негізгі мақсат зауыт жұмысын жандандыру болмақ. Оған «Зерде Строй» мекемесі қатты көңіл бөліп отыр екен, себебі алдағы меже ауқымды.
– Инвестор компания алдымен ішкі инфрақұрылымына 300 млн. аса қаржы жұмсап, биылғы жоспарды орындады. Келер жылы толықтай жерге еңбек ететін болады. Мақсат айқын, болашаққа жоспар мың гектардан таза өнім алып, томат өндіретін зауытты іске қосу. Қауқарымыз жетеді, жер құнарлы, оған Украинадан келіп зерделеп жүрген мамандар да көз жеткізіп отыр. Су мәселесі де шешімін тауып отыр. Сондай-ақ, экспорттау жайы да жоспарда бар. Бұл алдағы уақыттың еншісінде. Негізгі мақсат зауытты толықтай қызметке қосып, отандық өнімді арттыруды биыл жүзеге асыру. Мүмкіндік болса лаборатория ашу да жоспарда бар, – деді «Тату-Агро» шаруа қожалығының төрағасы Әділхан Асқаров.
Ала жаздай ауылдық ағайынға азық болған дала егісіне бесарықтық тұрғындар мен көрші ауылдардан және өзге өңірден 150-ге тарта жұмысшы тартылыпты. Нәпақасын жерден тауып жүрген жандарға түскі асы мен жатар орны шешілген. Отбасындағы адам санына шектеу жоқ. Олар жалдамалы жұмысшы топ. Ал, қазір мекемеде 34 қызметкер тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.