ҚАРЖЫ НАРЫҒЫНДАҒЫ АХУАЛ ТҰРАҚТЫ
Шілдеде айлық инфляция республика бойынша 7,1 пайызға дейін төмендеген. Ал, Қызылорда облысында бұл көрсеткіш 6,8 пайызды құрап отыр. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «ҚР Ұлттық Банкі» РММ Қызылорда филиалының директоры Әсет Мұстафин мәлімдеді.
Оның айтуынша, облыс экономикасы жылдан жылға жақсарып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда шетел валютасын сатып алу 1,5 есеге кеміген. Депозит нарығындағы валюталық салымдар үлесі 34 пайызға азайып отыр.
Сонымен қатар, несиелеу нарығы да қалпына келуде. Былтырғы жылға қарағанда несие көлемі 5,2%-ға ұлғайған. Халық жыл басынан бері екінші деңгейлі банктерден шетел валютасымен несиелер алмаған.
Баспасөз конференциясында биыл инвестицияларды қаржыландырмаған кәсіпорындардың үлесі азайғаны айтылды. Дегенмен, меншікті қаражаты мен банктердің несиелерін пайдаланған мекемелердің үлесі өскен.
2017 жылдың тамыз айында теңгенің нарықтық бағамы долларға шаққанда 328,07-335,71 теңге аралығында өзгерді.
Әсет Мұстафиннің айтуынша облыстағы банктер мен уәкілетті ұйымдардың айырбас пункттеріндегі АҚШ долларының орташа сату бағамы тамыз айында 330,49 теңге мен 335,36 теңге аралығында қалыптасқан.
- Осы жылдың 6 айында облыстың айырбас пункттерімен 47,9 млн. АҚШ доллары сатылып, 29,9 млн. АҚШ доллары сатып алынды. 2016 жылдың сәйкес кезіңімен салыстырғанда шетел валютасы нарығының сегментінде белсенділіктің төмендегені байқалады: АҚШ долларын сату бойынша - 6,4%-ға, АҚШ долларын сатып алу бойынша - 56,2%-ға. 2017 жылдың 6 қыркүйегіне биржалық бағамы бір АҚШ доллары үшін 340,58 теңге деңгейінде қалыптасты, теңге жыл басынан бастап 2,2 %-ға төмендеді, - дейді ол.