«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ»: БЕЙБІТ КҮННІҢ БАТЫРЫ

Қаһармандық ерлік, батырлық өрлік жаугершілік пен соғыста ғана сомдалмайды. Халық өмірінде орын алып жататын оқыс оқиғалар кезінде өз басын қатерге тігіп, ажал аузында қалған кез келген адамның өмірін құтқарып қалу да ерлік, қаһармандық болып табылады. Біздің әңгімемізге арқау болатын кейіпкеріміз де бір адамның өмірін құтқарып қалған азамат.
Жол-патрульдік полиция батальонының қызметкері Нұрлыбек Нұртаев 23 қаңтарда Сырдарияға батып бара жатқан адамды көріп қалады.
Қытымыр аязға қарамай суға секіріп, азаматты жағаға алып шығады. Жедел жәрдем жеткенше, ер кісіге алғашқы дәрігерлік көмек көрсетеді.
«Бұл марапат маған өзімнің міндетімді одан әрі жалғастыруға, нығайтуға, күшейтуге міндеттейді. Адам құтқарғаным ерлік емес, ең бірінші өзімнің жұмысым, қызметім, яғни міндетім. Ішкі істер орган қызметкерлері адамды өлімнен арашалап қалуды бұдан әрі жалғастыра береді», – дейді ол.
Осылайша, қызылордалық жергілікті полиция қызметінің сақшысы Нұрлыбек Нұртаев Елбасы Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.