ҚАЛА КҮНІ 18-23 ҚЫРКҮЙЕК АРАЛЫҒЫНДА ТОЙЛАНАДЫ
Қызылорда қаласы үшін 2017 жыл табысты басталды деуге толықтай болады. Қала тұрғындарының игілігі үшін жүргізілген құрылыс жұмыстарының нәтижесінде жалпы ауданы 240 580 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, 7 мыңға жуық жерлестеріміз қоныс тойын тойлады. Бұл туралы Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов мәлімдеді.
Оның айтуынша қазіргі уақытта қала көлемінде жалпы ұзындығы 73,6 шақырымды құрайтын 124 көшеге орташа, күрделі және қайта жаңғырту жұмыстары жасалуда. 4 жолақты бұл жолдың ені 14-21 метр болса, 11,7 шақырым жаяу жүргіншілер жолымен, 4,4 шақырым болатын 156 дана түнгі жарық бағаналары, 19 аялдама салынды және екі бетіне барлық талаптарға сай суағар қарастырылған. Сонымен бірге, біраздан бері шешімін таппай келе жатқан «Сәулет» мөлтек ауданының 35 көшесін жөндеуге қол жеткізілді.
Қала күні қарсаңында «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы Қызылорда қаласы бойынша ауыз су және кәріз су жүйелерін қайта жаңғыртудан өткізуге Республикалық бюджеттен 3 млрд. 43 млн. 907 мың теңге қаржы бөлініп, бұл қаржыға 27 жоба бойынша 34,4 шақырым ауыз су және 7,8 шақырым кәріз су құбырлары қайта жаңғыртылып, жөндеу жұмыстары жыл аяғына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
- Биылғы жылға, жылу жүйелері мен қазандықтарды ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізуге 904 млн. 100 мың теңге қаралған. Өздеріңіз білесіздер, тұрғындардың барлығында бірдей фитнес клубтар мен спорт залдарына баруға мүмкіндіктері жоқ. Осы бағытта тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануларына ықпал ету мақсатында бюджеттен 80 млн. теңге қаржы қаралып, «Қала күніне» орай тұрғындарға тарту ретінде барлығы 20 дана спорттық-жаттығу алаңдары салынуда. Соңғы үлгідегі, заманауи талаптарға сай спорттық-жаттығу алаңында веложаттығу, кермеше, брусья, түрлі күштік жаттықтырғыш құралдарымен қамтамасыз етіледі. Бұл алаңдар ағымдағы жылдың қараша айына дейін толық пайдалануға берілетін болады, - дейді Шахмардан Асқарұлы.
Айта кетейік, үстіміздегі жылы Қызылорда қаласы күнін атап өту 18-23 қыркүйек аралығында болып белгіленді.