САНСЫЗ ТЫЙЫМ МҰСЫЛМАН САНЫН АРТТЫРМАЙДЫ
Тұғырлы тәуелсіздікпен қоса, халқымыз жоғалып кетуге шақ қалған салт-дәстүр мен дініне, ұлттық құндылықтарына қол жеткізгені анық. Осылайша талай жылдар тығылып намаз оқып, жұртқа көрсетпей дін ұстанған жамағаттың қуанышында шек болмады. Міне осы тұста, елдің дінге деген ықыласын пайдаланып өз миссияларын жүзеге асырып, аңғал елді арамза пиғылмен алдап, әр төбені әулие көрсетіп, дін емес дүниені көздейтін дүмшелер де кездесті. Бірақ, құзырлы органдардың араласуымен жаңбырдан кейінгі саңырау құлақтай қаптаған түрлі діни секталардың еркін жұмыс жасауына тоқтау салынып, елде ата дініміздің салмағын арттыру жұмысы жүруіне баса назар қойылды. Өз кезегінде ол оң нәтижесін де берді.
Иә, қазір халыққа уағыз айтып, елге шариғат үйретіп жүрген қара сақал, қаба сақал имам, дінтанушылардың қарасы көбейген. Бұл бір жағынан дұрыс шығар, бірақ, оның бұрыс та тұстарын көзіміз шалып жатыр. Мәселен, бүгінгі уағызшылардың көпшілігі отырған жерінде жұртқа қарата айқайлап, ұрыса жөнелетін болған. Одан қалды бейнамаз жүрген үлкендерді мазақ етіп, мешітке келмегені үшін жерден алып, жерге салып жатады. Ол бұл әрекетімен алдыңғы буын мен кейінгі толқынның ара жігін айырып жатқанына түйсігі жетпейтін секілді. Тағы бір айта кететін жайт, қазір дін саласының қызметкерлері ұлттық болмысты басты тақырып ете бермейді. Көп жерде шариғаттың тыйымдарынан ары аспайды. Жұма, айт күндері жиналатын жамағатқа дәстүр мен дінді сабақтастырып уағыз насихат жүргізбейді. Содан болса керек, бүгінде мешітке барып сәжде еткен жастардың арасында үлкенге деген құрмет азайып барады. Тіпті, ел арасында «ұстаз көрген мүридтерден сәлемнің өзін сұрап алатын болдық» деген қынжылыстарды құлағымыз шалып жүр. Неге олай? Бәлкім, ұстазының берген тәрбиесі солай шығар? Әрине, барлығы бірдей жүгенсіз деуден аулақпыз, дегенмен де кей діндардың шәкірттері де ел арасында дүмшелігін көрсе¬тіп, исламға жат істерімен жұртқа жақпай жүргендігін білеміз. Пайғамба¬ры¬мыз¬дың «Жеңілдетіңдер, әсте ауырлатпаңдар! Сүйіншілеңдер, бірақ, шошытпаңдар» деген сөзі бар емес пе? Әлде бұл хадис уағызшы¬лардың есінен шығып кеткен бе? Әйтеуір, мешіт, құдайыға бара қалсаң тозақтан басқа баратын жер жоқтай келген жамағатты үркітіп отырған молдадан көз ашпайтын болдық. Сондай кезде осылар жаннатты айтып, неге жарқырап отырмайды деген де ойға келесің. Құдай тағала тозақты ғана жаратпаған болар. Өлгендер үшін жаннатта да жай бар шығар?
Жақында елімізге танымал уағызшы Абдуғаппар Смановтың несие жайында айтылған уағызы көпшілік арасында талқыға түсіп, соңы үлкен дауға ұласа жаздаған болатын. Әйтеуір абырой болғанда ҚМДБ өкілдері араласып дағуатшының хадисті дұрыс түсінбегенін айтып, өздері тәпсірлеп берген еді. Халықтың ашуын туғызған бұл уағызда да сол дөрекілік пен қоғамды шошыту орын алған болатын. Жалпы, имамдар ұнжырғасы түсіп, бірді қайтсем екі етемін деп жүрген халықтың жағдайына қарап, оған қажетті насихат айту керек сияқты. Ал, өйтпеген жағдайда сансыз тыйымдары мұсылман санының шектелуіне сеп болуы бек мүмкін.
Елдос Жүсіп