БАЛА ӨМІРІ БЕЙҚАМДЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙДІ
Өткен жолғы балабақша көлігінің апатқа ұшырауынан кейін облыс орталығындағы бөбекжайларға ата-аналар балаларын өздері әкеп тастап, өздері алып кетіп жүр. Өйткені тасымал көліктері талапқа сай емес. Бұған дейін айтылған сын-ескертпелерден құрылтайшылары қорытынды шығармаған.
Еске салайық, 25 тамыз күні таңертеңгілік қаладағы «Хандәулет» жеке балабақшасына тиесілі «Мерседес-Спринт» шағын автобусы қарсы бетке шығып кетіп, май таситын «Газ- 53» көлігіне соқтығысқан еді. Соның кесірінен 32 жастағы тәрбиеші көз жұмды. Денсаулығына зиян келген дер де бар. Рульде болған жүргізуші 1993 жылғы Қыдырәлі Досжанов – Қызылорда қаласының тұрғыны. «Хандәулет» жеке балабақшасына 23.01.2017 жылы келісім шартпен жұмысқа қабылданған. Жалпы, «Хан дәулет» жеке балабақшасы 2 шілде 2012 жылдан бастап жұмыс істейді. Балабақшаның құрылтайшысы Марат Алмасбаев, ал меңгерушісі Бибігүл Перназарқызы Төлегенова екен.
Осы оқиғаға байланысты өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған 28 тамыз күнгі брифингте қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Ермек Құдайбергенов: «Жолкөлік оқиғаларынан қайтыс болғандар саны 16 пайызға азайғанымен, балабақша жүргізушілер тарапынан жауапкершілікке бейжай қарайтындар әлі де көп. Осы уақытқа дейін 34 балабақша жүргізушісіне айыппұл салынып, ескерту берілді. Енді бала тасымалында арнайы заңда қарастырылған бапты қолданамыз», – деді.
Құзырлы органдар енді ғана мәселені қолға алған секілді. Қалалық білім бөлімі 4-24 қыркүйек аралығында жергілікті полиция және ішкі саясат бөлімімен бірлесіп рейд өткізуді жариялады. Рейд барысында жеке балабақшалардың көліктері бақылауда болады. Бір күнгі нәтижеге қарағанда 17 кемшілік анықталып отыр. Оның ішінде біреулері тыйым салынғанына қарамастан, тығылып бала тасыған, тағы біреуінің көлігі талапқа мүлдем сай келмейді. Әлгі қайғылы оқиға болған күні-ақ жергілікті полиция рейд жүргізіп, 32 құқықбұзушылықты анықтаған. Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, рульде келе жатып телефонмен сөйлескен – 2, қауіпсіздік белдігін тақпаған – 24, жаяу жүргіншілерге немесе жол жүрісінің өзге қатысушыларына жүруіне басымдық бермеген – 2, жол белгілері таңбаларының талаптарын сақтамаған – 3, жол жүрісіне қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзған 1 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті шара көрілген. Бала тасымалын тоқтату жөніндегі ұсынысты жуырда өткен балабақша құрылтайшыларының жиынында Қазақстан мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қауымдастығының Қызылорда қаласы мен облысы бойынша филиалының директоры Наталья Мишукова көтерген. Және ұсыныс бірауыздан қолдау тапты.
Заң талаптары орындалмағаннан бұған дейін талай опық жедік. Соның бірі – маусым айындағы жағдай. 13 орындық «Газельге» 21 бүлдіршінді тиеп алған тағы бір жеке балабақшаның көлігі апатқа ұшырағанда Құдай оңдап, балалар аман қалды. Сол кезде облыстық білім
басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев: «Балабақша көлігінің өз талаптары бар. Яғни көліктің бояуы қанық әрі ашық болуы қажет. Тек «Балабақша көлігі» деген жазумен шектелмеу керек. Көліктің төбесіне маяк немесе түрлі-түсті айналма жарық орнатуды қолға аламыз. Барлық балабақша жүргізушісінің арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жүргізушілер мен көліктерді заң талаптарына сай тексереміз. Жолаушылар орындығына балаларға арналған арнайы белқыстырғыштар орнату керек. Біз осыған дейін балаба ша көліктеріне мұндай талап қойған жоқпыз. Оның үстіне, баланы үсті-үстіне алу – заңды белден басқандық», – деген еді.
Бірақ одан нәтиже байқалған жоқ. Тек кешегі адам шығынымен аяқталған жол апатынан кейін сең қозғала бастағандай. Осы мәселеге байланысты кеше қалалық білім бөлімінің басшысы Ақарыс Нұрсейітовке жолықтық. Ол талапты орындамайынша жеке балабақшалар үшін бала тасымалына тыйым салынғанын жеткізді. Әзірге «Ералаш» балабақшасы ғана үдеден шығуға талпынып жатыр. Ералаштықтар көлікті сарыға бояп, теңгеріміне алып үлгеріпті. Енді тек әкімшілік полицияның техникалық байқауынан өту қалып тұр. Негізі, балалар тасымалымен айналысатын автокөліктің кемінде екі есігі болуы, алдыңғы-артқы жағына «Абайлаңыз, балалар!» дегендей арнайы таңба ілінуі қажет. Сары түске боялып, төбесіне айналма жарығын орнату да қауіпті азайтады. Ал жүргізуші ретінде жұмысқа алынатын адамның жасы 25-тен асқан
болуы, жұмыс өтілінің 5 жылдан кем еместігі ескеріледі.
– Бұған дейін жеке балабақшалардың санитарлық жағдайын тексеріп, балалардың санын анықтауға мүмкіндік болған жоқ. Өйткені бұл кәсіпкерлік нысанының құқығына қол сұғумен бірдей. Екі ай бұрын құрамына балабақша құрылтайшылары, блогерлер мен біздің бөлімнің мамандары енген қоғамдық кеңес құрылды. Осы топ қаладағы 206 балабақшаны аралап, кемшіліктерді анықтады. Жағдайы сын көтермейтін 26 балабақшаны тізімге алып, оның ішінде сыннан нәтиже шығармаған 13-нің мәселесін қоғамдық кеңестің қарауына қайта ұсындық, – деді А.Нұрсейітов.
Бөбекжайларда бала санының сәйкессіздігі жиі кездеседі. Кейбірінде бала толық емес, енді бірінде саны жетіп тұрғанымен, жолдамасы жоқ. Мысалы, жеке кәсіпкерлер балабақшаны 100 орын деп ашса, онда 80-90 бала ғана жүруі мүмкін. Осындай тексерістен кейін биыл маусым айында – 38 млн, шілдеде 37 млн теңге үнемделіпті.
Н.САНИЯЗОВА.