СЫҒАНАҚ
Кезінде қазақ халқының басын құраған Ақ Орданың астанасы болған, сыр бойының мәдениетті, сәулетті де көрікті, әрі саудасы мен қолөнер кәсібі дамыған, он бес мұнаралы қорғаны, Ұлы Жібек керуен жолының бойында жатқан басты қалалардың бірі – Сығанақ шаһары. Сығанақ қаласының бұл күндегі орны – «Сунақата» шаруашылығының орталығынан солтүстік-батысқа қарай екі шақырымдай жерде 7-8 гектардай алқапты алып, шөккен түйедей болып үйіліп жатқан бес бұрышты төбе. Қаланың жалпы аумағы 20 гектардай жерді алып жатыр.
Кейбір деректерге қарағанда, қаланың алғашқы негізі V ғасырдан басталғанын аңғаруға болады. Ғалым Әуелбек Қоңыратбаев VI ғасырдаҚытайдан Византияға дейін созылып жатқан «Жібек жолының» осы Сығанақ арқылы өткендігін айтады.
Ұлы Жібек жолының бойында жатқандықтан, әуел баста шағын бекініс, керуенсарай ретінде салынған Сығанақтың бірте-бірте маңызы арта түседі. Оның үстіне қала табиғи қолайлы жерден бой көтерген. Сығанақ – бұрын Сырдың Қаратау жақ етегінен ағатын үлкен арнасы мен түстік жағынан өтетін кіші бір саласы арасында, айнала судың ортасында жатқан табиғи су қорғаны.
Сонымен қатар қала аймағында шаруалар өмір сүрген. Егін егіп, мал өсірген. Төменарық, Бозғыл – Ұзақ арықтары сырдариядан тартылса, Мыңбұлақ, Келте Шалғая, Арыстанды өзендері Қаратаудан аққан…
«Жаңарған Жаңақорған» кітабынан.