«ӘЛЕМ БАРЫСЫНДА» ҚЫЗЫЛОРДАНЫҢ НАМЫСЫН ЕЛАМАН ЕРҒАЛИЕВ ҚОРҒАЙДЫ
8 қыркүйек күні Астанада Қазақ күресінен ел тарихындағы ең ауқымды әрі әлемдік дәрежедегі ірі жарыс өтеді. Дүбірлі додаға Қазақ күресіне бейімделген, бейімделіп қана қоймай, топ жарып та жүрген жаһанның 40 елінен кіл мықтылар келе жатыр. Ал осынау жауапты додада Қазақстанның намысын қай балуандар қорғайды? «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі осы бәсекеде көк байрақты елдің абыройы үшін боз кілемге шығатын балуандарға шолу жасайды.
Айбек Нұғымаров.
Сөзсіз, соңғы жылдары Қазақ күресіндегі «жұлдызды» балуандардың қатарындағы Айбекке бұл жолы да зор жауапкершілік артылғалы отыр. Әсіресе, 2014 жылы Павлодар қаласында өткен тұңғыш «Әлем барысында» Айбек кубалық Видал Брайсонға есе жіберіп алған болатын. Бұл жолы есе қайтаруға мүмкіндік бар. Бұған қоса Айбек 2013 жылы «Қазақстан барысы» турнирін жеңіп алған. 2016 жылы Оңтүстік Қазақстандағы халықаралық турнирде «Түйе балуан» атанған болатын.
Еламан Ерғалиев.
Биыл ғана «Қазақстан барысы» атанған Еламан Ерғалиевтің қазақ күресінде 10 жыл тәжірибесі бар. Ел чемпионатында балуан финалдық жекпе-жекте Ұлан Рысқұловты жамбасқа лақтырып, жеңіс тұғырына көтерілген болатын. Республикалық турнирден бұрын Еламан «Әскер барысы» атанған. Қазақ күресімен бірге дзюдоны да меңгерген. Биылғы ел чемпионатында балуан «Қазақстан барысы» атанған Ұлан Рысқұловпен бірге, Мұхит Тұрсыновты да тізе бүктірген еді. Небәрі 22 жастағы Еламан «Әлем барысында» ұлттық құраманың сапында күреседі.
Ержан Шынкеев.
Күрес, самбо, дзюдо және қазақ күресі... Шын мықтыға оң мен солы бірдей болатынындай, Ержан да осынау жекпе-жектің бірнеше түрін еркін меңгерген. Тіпті дзюдодан 2012 жылы Лондондағы Олимпиадада ел намысын қорғап келген. «Қазақстан барысы» сайысына бірнеше мәрте қатысып, барын салғанымен, чемпион болу Ержанға бұйырмай келеді. Десе де, Ержан «Қазақстан барысы» атағы бар балуандармен терезесі тең өнер көрсетіп, финалға дейін жеткен кезі бар.
Дәурен Нұралинов.
Аты енді шығып келе жатқан жас балуан «күш атасын танымас» дейді. Биылғы жылы «Алматы барысы - 2017» сайысында ол үздік төрттікке еніп, тіпті финалда танымал Руслан Әбдіразақпен күрескен болатын. Белдесудің алғашқы кезеңінде қарсыласына айтарлықтай тегеурін танытқанымен, финалдық кездесу бәрібір тәжірибесі мол Русланның пайдасына шешілген еді. «Аякөз арланы» деген лақап аты бар балуан биыл үзеңгілес ағаларымен «Әлем барысында» өнер көрсетеді.
Айбат Сейтен
Қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айбат Сейтеннің жасы 25-те. Салмағы 100 келіден жоғары балуан 2014 жылы жастар арасындағы ел чемпионатында жеңімпаз атанған. 2014 жылы Азия чемпионы болған. Арқаның балуаны 2016 жылы елордада өткен «Астана Қыраны-2016» турнирінде топ жарған.