100 ЖАҢА ЕСІМ: ҚЫЛҚАЛАМНЫҢ ХАС ШЕБЕРІ
Амангелді Кененбаев 1955 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданының «Сұлутөбе» ауылында өмірге келген. Орта мектепті бітірген соң, су шаруашылығы техникумында білім алады. Ол киномеханик болып жұмыс істеді, ауылдық мектепте оқушыларға сурет пәнінен сабақ берді. 1978 жылы Шымкент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесіне оқуға түсіп, 1982 жылы оқу орнын үздік бағамен бітіреді. 1983 жылдан бері облыстық, республикалық, шетелдік көрмелерге, халықаралық пленэр және симпозиумдерге қатысты. 1990 жылдан Қазақстан суретшілер одағының мүшесі. Жетім балаларға қайырымдылық көрсету акцияларына қатысып келеді. 2000 жылы Қызылорда облысы әкімінің стипендиаты болды. Сонымен қатар, ол – бірнеше мүсін мен монумент нысандардың авторы. 2015 жылы АҚШ пен Жапонияда дербес көрмелері ұйымдастырылды.
Амангелді – қызығушылығы мен қабілеті зор суретші. Оның кеңістікті байқау шеберлігі биік деңгейде. Туындылары адамды қарапайымдылығымен, шынайылығымен баурап алады. Көр¬кем¬дік жағынан жоғары шығарма¬ларында өткен мен бүгін үндесіп жатады. Қыл қаламнан төгілген бейнелер: жер, әсіресе Оңтүстік Қазақстан даласы, аспан, киіз үй, әйел, ошақ түйе – бәрі де әрдайым әсерлі етіп көрсетілген. Суретші халқының дәстүрін бұзбай сақтай отырып, өткенін бейнелейді, әрі оған жаңа дәуір лебін қосады.
Белгілі бір көңіл-күйді білдіретін түстердің үйлесімін, яғни түстер гаммасын дәл табады. Мысалы, кешке қарай күн батар кезде жарық та азайып, түстер қанық реңін жоғалтып анағұрлым күңгірт тартып, мүлгіген ұйқыдағы суық реңктерге ауыса бас¬тайды. Кешкі жағдайды анық түсінген суретші күннің осындай уақытын сипаттап салғанды ұнатады. Суретші түстер мен реңдердің байлығын, түстер мен жарықтың құбылуын, сонымен қатар өзінің алған әсерін көрсетуге ұмтылды. Ол өз жұмыстарында ерекше әсерлілікке, жаңашылдыққа қол жеткізді. Оның туындыларының арасында сәуле шашқан жарыққа, күннің шұғыласына, жан сергітетін әсерлі түстерге толы еңбектері де кездеседі.
Жүрегі мейірімділікке, жаны жақсылық жасауға құмартып тұратын жан-жақты өнер иесінің халыққа бергенінен берері мол болады деп сенеміз.