ҚЫЗЫЛОРДАДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ БАСТАЛДЫ
Қызылордада аймақтық энергетикалық компаниялардың (АЭК) жедел-жөндеу қызметкерлерінің кезекті республикалық кәсіби-техникалық оқу-жаттығуы басталды. Шараға Қазақстанның 10 облысынан командалар қатысуда.
Жиынды Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев ашып, оқу-жаттығу жұмыстарының ұйымдастырылуына ұйытқы болған ҚР Энергетика министрлігі мен Қазақстан Электроэнергетикалық Қауымдастығына ризашылығын білдірді.
«Республикалық оқу-жаттығулар өткізу энергиямен қамтамасыз ету мүмкіндігін арттырады, электр энергиясының шығындарын азайту және инвестициялар тарту мен көрсетіліп жатқан қызметтер сапасының жақсаруына жол ашады. Экономиканың дамуын энергетикасыз елестету мүмкін емес. Сондықтан бұл сайыста жеңілгендер болмайды, қатысушылардың барлығы да жеңімпаз атанатыны анық. Яғни энергетика саласы, оған қатысушылардың сапасы мен кәсіби деңгейі жеңіске жетеді», -деді облыс әкімі.
Қазақстан Энергетиктер Қауымдастығының төрағасы Шаймерден Оразалинов және аталған қауымдастықтың ардагерлер кеңесінің төрағасы Советхан Нұрпейісов оқу-жаттығу жұмыстарына қатысушы командаларды құттықтап, жарыста жеңіс тіледі.
Айта кетейік, электр тарату тораптары оперативтік-жөндеу бригадалары арасындағы республикалық кәсіби жарыс жыл сайын ҚР-ның әр аймақтарында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Өткен жылы Алматы қаласындағы «Алатау» жарық компаниясы» АЭК жеңімпазы атанған болатын.
Аймақтық энергетикалық компаниялардың (АЭК) дәстүрлі оқу-жаттығуы Қызылордада 2017 жылдың 6-7 қыркүйегі аралығында өтеді. Сайыс қорытындысы бойынша оза шауып, жеңіс тұғырынан көрінгендер автокөлікке ие болады.