ШАЛҒАЙ АУЫЛДАРДАҒЫ ШЫРАЙЛЫ БІЛІМ ҰЯСЫ
Арал, Қазалы аудандарының шет ауылдарында бірнеше мектеп ашылып, оқушылар жаңа ғимаратқа көшті. Енді ауыл оқушылары алғашқы қоңырауды өздері армандаған білім ордасында өткізді.
Көптен күткен сәтке қол жеткізген ауыл жұрты ең бірінші балалары үшін қуанышты. Себебі оқушылар осыған дейін тар ғимаратта сабақ өтіп келді. Сынып бөлмелері сын көтермейтін еді. Техникалық жарағы да мәз емес болатын. Енді елді мекен жұрты еңселі ғимараттың игілігін көрмек. Ауыл халқының осындай білім ордасы үшін алғыстан басқа айтары жоқ.
Сонымен бірге, Ақжона ауылдық округіне қарасты Майдакөл елді мекенінің тұрғындары да қуанышты сәттің куәгері болды. Мұнда №98 орта мектептің ашылу салтанаты өтті. Қосқабатты жаңа ғимарат екі блоктан тұрады. Онда арнайы сыныптардан бөлек, спорт залы, медицина, шаруашылық, әкімшілік, жуынатын бөлмелер қарастырылған. Сонымен қатар, 80 орындық асханасы мен 120 орындық мәжіліс залы бар. Қала мектебінен бір мысқал да кем емес. Барлығы талапқа сай тұрғызылған.
Жаңа ғимарат ең алдымен ауыл балаларының қуанышы. Әлбетте, заман көшіне ілесіп, озық ілімді игеру үшін соған сай сынып қажет екені белгілі. Майдакөлдіктердің бұл тілегі орындалды. Мектеп оқушысы Талапбек Бейсеналиев жаңа орынның жайлы екенін қуанышпен жеткізді.
– Бұрынғы оқыған ғимараттан әлдеқайда үлкен. Биылғы білім күнін осындай зәулім сарайда қарсы алдық. Бұл оқуға деген ынтамызды одан әрі арттырады. Сапалы білім алып, елімнің дамуына мен де үлесімді қосамын, – дейді жалындаған жас.
Елбасы 2020 жылға дейін үш ауысымды және апаттық мектептерді жою мен 3-6 жастағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту қажет деп міндет қойған болатын. Өңірде бұл жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Алдымен аймақта үш ауысымдық мектептер мәселесі толықтай шешілді. Ал 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету 100 пайыз мерзімінен бұрын шешілді. Мұнда мемлекеттік жекеменшік әріптестікті дамытудың үлесі басым болды. Ал апаттық жағдайдағы білім ошақтарының мәселесін шешу биылғы жылдың еншісінде. Мұны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Сонымен бірге, Шәкен ауылдық округіне қарасты Шилі ауылы да шаттыққа кенелді. Бұл күнді ауылдықтар білім тойы деп бағалап жүр. Елді мекен аудан орталығынан 130 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Төрт түлікі тіршілік еткен құм арасындағы шағын мекен. Шалғайда жатса да, назардан тыс қалмады. Ауылдықтардың өтініші орындалды. Пайдаланылып келген ескі мектеп еңселі ғимаратқа ауыстырылды. Жұп-жұмыр етіп салынған мектепте керекті бөлменің барлығы табылады. Жаратылыстану пәндері үшін қажетті құрылғылар да бар. Ауыл мектебінде 43 жыл ұстаздық қызмет атқарған Қуаныш Смағұл бір округте қос бірдей білім ошағының бой түзеуі бұрын болмағанын айтып, ел ағаларына алғысын білдірді.
Шилі – Қазалыдағы ең алыс ауылдың бірі. Мұндағы мектеп бастапқыда бастауыш білім ұясы болып ашылған. Қазір тоғыз жылдық оқытуға көшті. Мектепті тәмамдаған соң оқушылар көрші ауылға немесе аудан орталығына барып жалғастырады. Дегенмен, енді мектептің 11 жылдық білімге мүмкіндігі жетеді.
– Ауыл жылдан-жылға үлкейіп, оқушыларымыз да көбейіп келеді. Осыдан екі жыл бұрын оқушы саны 38 болса, биыл 61-ге жетті. Сонымен қатар, жаңадан салынған балабақша да бүлдіршіндерге толы. Шалғайда орналасса да, балаларымыз барлық талапқа сай салынған орында оқуға мүмкіндік алып отыр. Біз де сапалы біліммен қаруланған жастарды тәрбиелеп шығаруға бар күшімізді саламыз, – дейді мектеп директоры Эльмира Ержанова.