ЖОЛ ҚАДІРІН ЖҮРГЕН БІЛЕР
Жыл өткен сайын ауданға қарасты елді-мекендер мен кент орталығындағы көшелер кезең-кезеңімен жөнделіп, ел-халқының билік өкілдерінің есеп беру жиындарында айтқан ұсыныс-пікірлері орындалу үстінде.
Мысалы, Іңкәрдария елді-мекеніне кіреберіс жолға күрделі жөндеу керектігі бірнеше жыл қатарынан айтылып келгенді. Биыл аталған жол бөлігіне бюджет қоржынынан 290,0 млн. теңге қаржы бөлініп, «Қызылорда жолдары» серіктестігі жолды жөндеу жұмыстарына кірісіп кетті. Сондай-ақ, Бесарық ауылына кіреберістегі Жаңадария каналынан өтетін көпір құрылысына да 239,0 млн. теңге бөлінді. Бас мердігер «Стандарт Ойл КЗО» серіктестігі.
Биылдың өзінде кенттегі 7 көшеге орташа жөн¬деу жұмыстарына 37,2 млн. теңге қаржы бөлініп, Қ.Бөдеев, Ақтам-2, Жеңістің 50 жылдығы, Желтоқсан, Қазақ, Жамбыл көшелерімен бірге Жамбыл тұйығы жөнделді. Жұмыстарды сапалы жүргізген «Дорстрой» серіктестігінің жұмысшыларына тұрғындар дән риза. Сонымен бірге, кентке қарасты О.Мәлібаев ауылы бөлігінде орналасқан Т.Қозыбаев, Ақтам, Қызылдихан, Айтбай арық, кенттегі А.Тоқмағанбетов көшелеріне жөндеу жұмыстарын «Сыр жолдары» серіктестігі атқарды. Мұндай жұмыстар А.Тоқмағанбетов, Жетікөл, Қоғалыкөл, Айдарлы ауылдарында да жүргізілді. Тұрғындар әсіресе, шет көшелерге тас жол салынғанына, жөнделгеніне алғыс айтуда.