ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНА ОРТА БАСШЫ ҚҰРАМЫНЫҢ АРНАЙЫ АТАҒЫ БЕРІЛДІ
Полиция қызметкерлерінің әлеуметтік ахуалын көтеру, материалдық қамсыздандырылу көрсеткішінің еңбек қызметі мен ауқымына сай болуын қамтамасыз ету, Жергілікті полиция қызметінің мәртебесін нығайту мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі тарапынан ұсыныс әзірленіп, Қазақстан Республикасы Үкіметінде қаралды. Аталған жоба Қызылорда облысының әкімі Қ.Е.Көшербаев тарапынан қолдау тауып, нәтижесінде Жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полиция саласындағы кіші басшы құрам лауазымдағы 248 қызметкері орта басшы құрам лауазымдарына ауыстырылды.
Осыған орай, 2017 жылғы 04 қыркүйекте Жергілікті полиция қызметінің алаңында 80 қызметкерге алғашқы арнайы атақтарды салтанатты түрде табыстау рәсімі өтіп, шараға департамент басшылығы және жеке құрам қатысты.
Жиын барысында Қызылорда облысы Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары полиция подполковнигі Қ.Қобландин сөз алып, облыс әкімдігінің қолдауының нәтижесінде полиция қызметкерлерінің әлеуметтік-материалдық әл-ауқатын көтеру мақсатында қаржы бөлініп, жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің 100 пайызы толығымен орта басшы лауазымына ауыстырылып, тағайындалғанын атап өтті. Сонымен қатар, жаңа арнайы атаққа ие болған полиция қызметкерлерін құттықтап, енді олардың алдында қызметтік міндеттерін адал орындап, Антқа абыройлы қызмет ету талабы тұрғандығын баса көрсетті.
Ал, Жергілікті полиция қызметкерлері бүгіннен бастап жаңа офицерлік шенде өз қызметтерін жалғастыратын болады.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі