9 ҚЫРКҮЙЕКТЕ «ДЕНСАУЛЫҚ» ФЕСТИВАЛІ ӨТЕДІ
«Денсаулық» фестивалі елімізде 20 жылдан бері аталып келеді. Салауатты өмір салтын насихаттау шарасы биыл 9 қыркүйекке белгіленді. Ал, өңірімізде фестиваль аясында апталық ұйымдастырылуда. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында жастар денсаулық орталығының бас дәрігері Жанар Қалмақова мәлімдеді.
Апталық аясында 4-9 қыркүйекте емханаларда «Ашық есік» күні өтеді. Сондай-ақ, фестиваль барысында көпшілік түрлі спорттық сайыстарға қатыса алады. Қазір оқу орындары мен мектептерде «Денсаулық» сабағы өтуде.
«Биыл алғаш рет мүмкіндігі шектеулі жандар да фестивальге қатыстырылды. Олардың арасында шығармашылық байқаулар өткізілуде. 7 қыркүйекте сайыс жеңімпаздарын анықтаймыз», - деді Жанар Қалмақова.
Ал, 9 қыркүйекте «Денсаулыққа 10 мың қадам» шарасы республика бойынша бір мезгілде болады. Марафоншылар «Достық үйі» алдынан Орталық алаңға дейін жүріп отырады. Орталық алаңда тұрғындарға арнап 3 шатыр орналастырылады. Онда денсаулыққа пайдалы тағамдар, жеміс-жидек, дәрі-дәрмектер мен пайдалы өнімдердің жәрмеңкесі өтеді. Жастардың заманауи билерінен көрсетілімдер болады. Балалар үшін ойын алаңдары жұмыс жасайды.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Әділбек Ерсұлтанов өз сөзінде: «Спорт пен денсаулықты бөліп қарауға болмайды. Адамзат үшін екеуінің де құндылығы жоғары. Сондықтан, облыс тұрғындарын фестивальге қатысуға шақырамыз», - деді.
Фестиваль жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табыс етіледі.