МЕКТЕПТІҢ МАТЕРИАЛДЫҚ ТЕХНИКАЛЫҚ БАЗАСЫ НЫҒАЙДЫ

Атап айтсақ, спорт зал, асхана, оқушыларды еңбекке баулуға үйрететін шеберхана үйлері салынып, мектеп ауласы түгелдей асфальтталды. Сонымен бірге дизельді электростанциясының баспанасы жаңаланып, қалдық сулар төгетін құдық жасалды. Бұл жұмыстардың барлығын мемлекеттік тапсырыс бойынша жеңімпаз атанған Қызылорда қаласындағы Серікбай Садықов басшылық ететін «Сапақ» өндірістік кооперативінің жұмысшы-мамандары атқарды.
Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері, ардагер ұстаз Әлия Ермекбаева:
– Мен алғаш осы мектепте еңбек жолымды бастап, 33 жыл шәкірттер тәрбиелеу ісімен айналыстым. Алдыңғы толқын аға-апалардан өмірлік тәжірибе үйренсек, кейінгі буын-ізбасарларымызға білгенімізді үйреттік. Сөйте жүріп ұжым абыройын көтеруге үлесімізді қостық. Біздің мектебімізде көптеген, сауатты да білікті ұстаздар қызмет етті. Солардың арасында әсіресе Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мұғалімдер Ұлдай, Гүлжахан апайлардың орны бөлек. Оларға деген көптің құрметі айрықша.
Осындай іргелі де, белгілі білім шаңырағына көңіл бөліп, қосымша құрылыс жүргізуге ықпал етіп жатқан облыс, аудан басшыларына бұрынғы ұжымым мен бүкіл ата-аналар атынан шынайы алғысымды жеткіземін. Ел – халықтың мүддесі жолында жасап жатқан еңбектеріңе жемісті жетістіктер тілеймін, – деген ыстық ілтипатын ортаға салды.