«НҰРЛЫ ЖОЛДЫҢ» ШАПАҒАТЫ
Бүгінде тұрғындардың әлеуетін көтеру және де елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту мақсатында «Нұрлы жол» бағдарламасы жан—жақты іске асырылуда. Өңірлердегі экономикалық жағдай ілгерілеп, көпшіліктің ең бірінші қажет етіп отырған мәселелері кезектілігімен шешілуде.
Негізінде «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы Елбасының 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген болатын. Бағдарлама елдің макроөңірлерін ықпалдастыру арқылы Қазақстанның бірыңғай экономикалық нарығын қалыптастыруға бағытталған.
Макроөңірлерді дамыту және ықпалдастыруда көліктік, индустриялық, тұрғын үй, әлеуметтік және энергетикалық инфрақұрылымдар тиімді дамытылады. Бұл еңбек нарығына және қалалардың инфрақұрылымына, оның ішінде тұрғын үй қорына күш түсіреді. Сондықтан тұрғын үй инфрақұрылымы нығайтылады, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңғырту қамтамасыз етіледі.
Осы бағдарлама аясында «Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласында сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысын салу және кеңейту» жобасы жүзеге асырылуда. Бұған 2 415 863 000 теңге бөлініп, ұзындығы 223 115 метр су құбырын орнату жоспарда бар. Яғни, ішкі су тарату желілері – 104205 метр болса, тұрғын үйлерге сервистік су жүйелерін кіргізу – 118910 метрді құрайды. Жұмысты мердігер мекеме «КА-строй LTD» ЖШС жүргізуде.
Игі бағдарламада Әйтеке би кенті бойынша – 180,5 км барлығы 83 көше қамтылады. Оның ішінде ішкі су тарату желісі 91,065 км, сервистік желісі – 89,4 км құрайды. Қазалы қаласында – 42,74 км құбыр тартылып, 37 көше сумен жабдықталмақ.
«КА-строй LTD» ЖШС-нің учаске бастығы Алтай Есназаровтың айтуынша, қазіргі уақытта жобаның 80 пайызы орындалып, 72285 метр ішкі су тарату желілері қойылса, 63 392 метрді құраған тұрғын үйлерге сервистік су жүйелері орнатылды. Діттеген істі тыңғылықты орындау үшін отыздан астам техника жұмылдырылып, 100-ден аса адам жұмыспен қамтылды. Оның 90 пайызы жергілікті тұрғындар арасынан алынып отыр екен.
Десек те, алғашқы құбырлар қай жылы құрылды? Оған қандай құбыр түрлері қолданылды? Қазіргі қолға алынып жатқан жобаның халыққа тигізер пайдасы қаншалықты? Су қысымында өзгеріс бола ма? Күні-түні тоқтамай ағып тұруы үшін әсіресе, жаз айларында атқарылып жатқан жұмыстар жобаны аяқтағаннан кейін ауыз судың сапасы қандай болмақ? Біздің сауалдарымызға Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырын пайдалану мекемесінің «Қазалы» өндірістік бөлімшесінің басшысы Әділхан Ахмет былай деп жауап берді:
– Қазалыда алғаш рет 1967 жылдары шойыннан жасалған су құбырлары салынған.
Уақыт өте келе бұл желінің әбден тозығы жетіп, ішінің тоттануы судың сапасына, түсіне кері әсерін тигізгені белгілі. Сондықтан жоба аясында әрбір үйге сервистік су желісі кіргізіліп, есептегіш құралы орнатылып, тұрғындар орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылады. Барлық тұтынушылар есептеу аспаптарымен қамтылатындықтан, үнемдеп пайдалануға септігін тигізеді. Қалыпты қысымға шыдайтын полиэтиленді құбырларда ақаулар азайып, ауыз су беруде іркілістер жойылады.
Сондай-ақ ауыз су сапасына ешқандай теріс әсері жоқ, жарамдылық мерзімі кемінде 50 жылға есептелген полиэтиленді құбырлар халықтың денсаулығына оң ықпалын тигізеді.
Бүгінге дейін пайдалануға берілгеніне жарты ғасырға жуықтаған тозығы жеткен ескі су құбырлары қысымды көтермей жиі жарылып, жұртшылықты ауыз сумен қамтамасыз етуге кедергі келтірді. Алдағы уақытта көшелердегі босқа ағып тұратын қоғамдық колонкалар орталық су жүйесінен ажыратылады. Су есептегіш құралы орнатылған барлық тұтынушыларға қалыпты қысыммен жаңа полиэтиленді құбырлар арқылы ауыз су беруге мүмкіндік туады.
Бөлімшенің негізгі ауыз су нысаны болып табылатын Әйтеке би кентіндегі №1 су көтеру бекетіндегі сыйымдылығы 7750 текше метрлік су қоймасына қабылданған ауыз су кент, қала және ауылдық елді мекендерге таратылады. Соңғы уақытта жыл санап тұрғындардың саны өсіп, суды тұтыну көлемінің артуына байланысты қосымша су қоймасын салу қажеттігі туындаған болатын. Бұл ретте аталған су көтеру бекетінің жанынан сыйымдылығы 14000 текше метрлік су қоймасын салу жобасы оң шешімін тауып, филиалдың қаражаты есебінен қажетті 307 768 710 теңге бөлінді. Мердігер мекеме – «РЗА» АҚ тарапынан жобаға сәйкес құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылуда. Биыл пайдалануға берілетін су қоймасы әсіресе, жазғы маусымда қажетті мөлшерде ауданда ауыз су қорын қалыптастырады. Тұтынушыларды үздіксіз 24 сағат бойы ауыз сумен қамтамасыз етеді.
Ал халықты таза ауыз сумен қамтуға бағытталған жоба аяқталғаннан кейін, үйлеріне сервистік су желісі кіргізіліп, су есептегіш құралы орнатылып, орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған азаматтарға, тоттанбайтын полиэтиленді су құбырымен берілген ауыз судың сапасы жоғарылайды. Таза ауыз су ішкен халықтың денсаулығы нығайып, олардың қалыпты өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызылады, – дейді Ә.Ахмет.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА.